Атырау-Индер тас жолының ойылған бөлігін жөндеу басталды

АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау-Индер тас жолының 27-шақырымы тұсындағы асфальт ойылып кетті. Қазір жолдағы ақауды жөндеу жұмысы басталды. 

Атырау
Фото: Атырау облысының жедел штабы

Атырау қаласынан Индер ауданының орталығы – Индербор кентіне дейін қатынайтын жол бар. Бүгін осы жолдың асфальты ойылып, көліктер тоқтап тұрғаны туралы видео тарады.

Атырау қаласы әкімінің орынбасары Нұржан Ермұхановтың айтуынша, қазір аталған жол бөлігін қалпына келтіру жұмысы жүріп жатыр. 

«Талдыкөл ауылын газбен қамтамасыз етіп тұрған құбырдың айналасына өр суы жайылған. Соның салдарынан топырақ пен трасса опырылып кетті. Зардап шеккендер жоқ. Газ құбыры бүлінбеді. Құбырдан газ тарау дерегі тіркелген жоқ», - деп хабарлады Нұржан Ермұханов.

Атырау
Фото: Атырау облысының жедел штабы

Жол жөндеу жұмысын Атырау облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының мамандары қолға алған. Қазір оған 15 маман мен 4 арнайы техника тартылған.

«Аталған жол бөлігіндегі ақауды қалпына келтіру бүгін кешке дейін толық қалпына келтіріледі», - деп мәлім етті Нұржан Ермұханов.

Атырау облысы
Фото: Атырау облысының жедел штабы

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Жайық деңгейі Индерде 5 сантиметрге төмендеп, Махамбет ауданында 10 метрге жеткенін жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар