Атырау қаласы мен үш ауданда жарық сөніп қалды

Атырау қаласы мен үш ауданда жарық сөніп қалды
Фото: Рixabay

Бүгін Атырау облысының үш ауданы мен қала маңындағы бірнеше елді мекенде жарық сөніп қалды. Жергілікті энергетиктер үш сағаттан кейін жарықты қалпына келтірді, деп Kazinform. 

Атырау облысының энергетикалық кешені баспасөз қызметінің ақпаратына қарағанда, электр жарығы 14 желтоқсанда сағат 10:00-де өшіп қалған.

«Махамбет, Индер және Қызылқоға ауданының, Атырау қаласының маңындағы Береке, Водников, Балықшы, Көкарна, Тасқала, Ширина елді мекендерінде, СМП-136, «Тұрғын үй қалашығы» шағын аудандарында, облыс орталығының сол жағалау бөлігінің шағын аудандарында электр энергиясы сөнді. Бұған 35/110кВ желісіндегі «САОН» жүйелік автоматикасы апаттық жағдайда ажыратылған. Бұл автоматика бір немесе бірнеше қоректендіру желісінде жүктеме түйінінің тұрақтылығын сақтау үшін жұмыс істейді. Электр энергиясының өшуіне бірнеше себеп әсер еткен. «KUS» стансасында генерация төмендеп, Маңғыстау энергия торабына қарай 220кВ транзиттік желідегі қуат ұлғайған. Сондай-ақ ауа температурасының күрт төмендеуіне байланысты Атырау облысының электр желілерінде электр энергиясын тұтыну ұлғайды. Бұл да электр станциясын генерациялаудың жетіспеушілігіне әсер етті», - деп хабарлады энергетикалық кешеннің баспасөз қызметі.

Түскі сағат 13:00-де Атырау қаласы мен облыс аудандарын электрмен жабдықтау толығымен қалпына келтірілді. Қазір «Атырау Жарық» АҚ қызметкерлері электр энергиясының авариялық және ұзақ уақыт ажыратылуын болдырмау мақсатында күшейтілген режимде жұмыс істеуге кірісті.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауды сумен қамту толық қалпына келтірілгенін хабарлаған едік.

Соңғы жаңалықтар