Атырау қаласының бұрынғы әкімі Қайрат Оразбаев қамауға алынды
Атырау қаласының бұрынғы әкімі Қайрат Оразбаев қамауға алынды. Ол алаяқтық күдігіне ілініп отыр, деп хабарлайды Kazinform.

Облыстық прокуратураның баспасөз қызметінен мәлім еткендей, Атырау қалалық әкімдігінің лауазымды тұлғаларына қатысты алаяқтық белгілерімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр.
«2020-2022 жылдар кезеңінде әкімдіктің лауазымды тұлғалары жеке тұрғын үй құрылыстары үшін рекреациялық аймақтарға, оның ішінде жасыл желек аймақтары, саябақтар, скверлер, жағалаулар және тағы басқа санатқа жататын жер учаскелерін заңсыз бергені анықталды. Осыған байланысты бүгін ҚР Қылмыстық Кодексінің 190-бабы 4-бөлігінің 2-тармағында көзделген қылмыстық құқық бұзушылық жасады деген күдік бойынша тергеу шеңберінде Атырау қаласының экс-әкімі Қайрат Оразбаев ұсталды», - деп мәлім етті прокуратураның баспасөз қызметінен.
Экс-әкім Атырау қалалық полиция басқармасының уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабының талаптарына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды.
Қайрат Оразбаевтың мамандығы – мұнайшы. Ол Атырау мұнай өңдеу зауытының бас директоры, Атырау қаласының әкімі лауазымын атқарған.
Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау мұнай өңдеу зауытының экс-бас директорына қатысты іс қайта қарала бастағанын хабарлаған едік.