Атырау кардиологтері алғаш рет науқастың жүрек қалпақшасына протез салды
АТЫРАУ. KAZINFORM — Биыл Атырау облыстық кардиология орталығында 260 ота жасалған. Соның бірі — науқастың жүрек қалпақшасына салынған протез.

Орталықтың кардиохирургі Асылбек Қонысовтың айтуына қарағанда, алғаш рет жүрекке күрделі ота жасау үшін арнайы генератор қолданылған.
— Науқастың жағдайы отаға дейін ауыр болған еді. Оның жүрек қалпақшалары тартылып, ырғағы бұзылған. Сондықтан оны отаға дайындадық. Күрделі ота 8 сағатқа созылды. Өйткені жүректің екі қақпашасын ауыстыру қажеттігі туындады. Әріптестерім — Мақсат Жантұрғанов, анестезиолог Жангелді Қадыров пен перфузиолог Инабат Сүйесінов және Темірболат Лесұлымен бірге жүректің екі жақ құлақшынын, қақпашаларына протез орнатылды. Бұл ота кезінде арнайы генераторды пайдаландық, — дейді Асылбек Қонысов.
Оның айтуынша, орталықта бұрын дәл мұндай ота жасалмаған. Былтыр орталық дәрігерлері 110 ота жасаған. Ал биыл ота саны 2,3 еседен асқан.
Еске сала кетейік, бұған дейін Атырауда алғаш рет науқастың өт жолын кеңейту отасы жасалғанын хабарлаған болатынбыз.
Сондай-ақ, Атырауда 14 жасар қызға бет-жақ трансплантациясы жасалды.