Атырау кәсіпкерлері қандай кедергілерге ұшырап жүр

АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау облысының кәсіпкерлері жергілікті атқарушы органдар мен коммуналдық қызмет көрсететін компаниялардың тарапынан кедергіге тап болып отыр. Шағын және орта бизнес иелеріне әкімшілік кедергі жасалған.

Атамекен
Фото: Атырау облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Атырау облыстық департаментінің басшысы Ерұлан Серікқалиевпен кездескен кәсіпкерлер жиі ұшырайтын түрлі проблеманы ашық айтқан.

– Жергілікті атқарушы органдар тарапынан кәсіпкерлер иелігіндегі жер учаскелерінің нысаналы мақсатын кеңейтуден және өзгертуден заңсыз бас тартылған. Бекітілген бас жоспар нақты жер учаскесімен сәйкес келмейді. Ал тауарлар мен қызметтерді сатып алу кезінде табиғи монополиялар субъектілері тарапынан әкімшілік кедергілер жасайды. Мәселен, кәсіпкердің бірі табиғи монополиялар субъектілері – «Атырау-Жарық» АҚ, «АТЭЦ» АҚ және «Атырау жылу желілері» АҚ-ның қызметіне шағымданды. Компаниялар сатып алу туралы шарттарда тауарлар мен қызметтерді жеткізгені үшін ақы төлеу мерзімін 360 банктік күн ішінде деп көрсетеді. Сатып алуға қатысатын әлеуетті өнім берушілердің құжаттарын қарау функциялары «Eurasiantech-Tender» порталында мүмкін емесін жеткізді, -деп хабарлады Ерұлан Серікқалиев.

Оның айтуына қарағанда, коммуналдық қызмет көрсететін компанияларға бірнеше ұсыныс берілген. Біріншісі – нақты төлем мерзімін 30 күнге дейін көрсету, екіншісі –тендерлердің барлық қатысушысы мен табиғи монополиялар субъектілері арасында ұсынылатын құжаттарды қарау функциясын «Eurasiantech-Tender» порталына енгізу. Үшіншісі – аталған порталды қарау бөлігіндегі ережеге өзгерістер мен толықтырулар енгізу.

– Қазір облыста кәсіпкерлер қызметіндегі проблемалық мәселелерді жоюға көмектесетін «Бизнеске жол» жобасы жүзеге асырылып жатыр. Осыған орай кездесуде кәсіпкерлерден түскен 4 өтініш, олар айтқан шағымдар қысқа мерзімде қаралады, - дейді Ерұлан Серікқалиев.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда кәсіпкерлер қандай кедергіге жиі кезігетінін хабарлаған едік.

 

Соңғы жаңалықтар