«Атырау» командасы бас бапкерінің міндетін атқарушы: Қазіргі деңгейіміз – осы, нәтиже болмай тұр
АТЫРАУ. KAZINFORM – «Атырау» футбол клубы бас бапкерінің міндетін атқарушы Қуаныш Қабдолов қазіргі ахуал қиын екені туралы пікір білдірді.

Жексенбіде мұнайлы өңір футболшылары өз алаңында «Қайсар» командасына есе жіберген еді.
– Жағдай қиындау. Бұл ойынға барымызша дайындалдық. Шабуылда гол соғатын мүмкіндігіміз болды. Бірақ, қарапайым сәтте қателік жасап, тағы да өз қақпамызға пенальти әкелдік. «Қайсар» бірінші болып гол соғып, түгелдей қорғанысқа көшті. Алайда, одан да саңылау тауып, есепті теңестірген едік. Кешірілмейтін қателік жасадық. Нәтижесінде есеп – 1:2, -деді Қуаныш Қабдолов.
Бас бапкер міндетін атқарушының пікірінше, командаға жақсы ойыншыларды алу керек.
– Мен командаға келе сала жаңа футболшыларды әкеле алмаймын. Барымен – базар. Енді трансферлік «терезе» уақытында құрамды күшейтпесе болмайды. Қазіргі құрамда Премьер-лигада ойнаған ойыншы аз, легионерлердің деңгейін көріп отырсыздар. Жанкүйерлерден кешірім сұраймыз. Әр ойын сайын қолдан келгенше, тырысып жатырмыз. Кімнің дайындығы жақсы, соларды ойнатып келеміз. Бірақ нәтиже болмай тұр. Қазіргі таңда, өкінішке қарай, деңгейіміз – осы, -деді Қуаныш Қабдолов.
Оның айтуына қарағанда, команда қарсыластан жоғары болмай тұр.
– Төрешілік? Ол жайлы қанша айтқанымызбен, ұпай берілмейді. Олардың өз департаменті бар, бағасын бере жатар. «Астанамен» ойында бізге пенальти бермеді, керісінше біздің қақпаға белгіледі. Ойыннан соң ол қате болып шығады. «Ордабасымен» ойында Чадунелиді құлатып, гол соғып кетеді. «Тұранмен» ойында бізге аут бермей, артынша тағы гол салып кетеді. «Жетісумен» ойында пенальти белгілеп, оны да қате деп есептейді. Бүгінгі ойындағы пенальти бойынша қайталаудан қарау керек: болды ма, болмады ма?, -деп мәлім етті бас бапкер міндетін атқарушы.
Ол проблема бапкерлік штабта болса, өз орнын босатуға дайын екенін жеткізді.
– Басшылық солай шешсе, сөз жоқ. Кейбір жанкүйерлер де солай айтып жатыр. Бірақ мен бұл команданы жинаған жоқпын. Қолда бар материалмен бір айдың көлемінде жұмыс істеп келеміз. Деңгей осы болса, біз не істей аламыз? –деді Қуаныш Қабдолов.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын «Атырау» футбол клубы 4 легионермен арадағы келісімшартты тоқтатқанын жазған едік.