«Атырау» командасының екі ойыншысы Қазақстан жастар құрамасына шақырту алды
АТЫРАУ. KAZINFORM – «Атырау» футбол клубының шабуылшысы мен қақпашысы Қазақстанның жастар құрамасында ойнауы мүмкін.

Жергілікті футбол клубының баспасөз қызметінен мәлім еткендей, Қазақстанның 21 жасқа дейінгі құрамасына шақырту алғанның бірі – Санжар Ерниязов.
Ол 2005 жылы туған. Бұрын «Жетісу» командасының құрамында болған. «Атырау» клубының қақпасын қорғауға биылғы қаңтарда ауысқан.
Қазақстанның жастар құрамасы көз тіккен тағы бір ойыншы – Ян Труфанов. Ол 2004 жылы өмірге келген. Биылғы ақпанда»Атыраудың» шабуылын үдете түсу үшін «Қайрат» командасынан келген.
– Аталған құрама 1-6 маусым аралығында Астана қаласында оқу-жаттығу жиынын өткізеді. Еуропа чемпионатына іріктеу кезеңі шеңберінде 5 маусым күні Андорра жастарымен матч өткізу көзделген, -деп хабарлады клубтың баспасөз қызметі.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын «Атырау» футбол клубы 4 легионермен арадағы келісімшартты тоқтатқанын хабарлаған болатынбыз.