Атырау көшелерін су басты
АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау қаласында түнімен, бүгін түске дейін жаңбыр жауды. Табиғат құбылысының салдарынан көшелерге су жиналды.
Бүгін таңертеңнен бері «Арнаулы автобаза» ЖШС-нің директоры Алмас Ізтелеуовтің айтуынша, кәсіпорын қызметкерлері вакуум техникасымен көшелердегі суды соруға кірісті. Бұл жұмысқа 30-ға жуық техника тартылған. Кәсіпкерлер 23 техникасын көмекке берген.
«Таңертеңнен бері қала көшелерінен, әлеуметтік нысандардың маңынан жаңбыр суы сорылды. Бұл жұмыс Авангард, Сарықамыс, Вокзал маңы шағын аудандары мен Б.Құлманов, Азаттық көшелерінде жүргізіліп,, арықтарды тазалау жұмысы жүріп жатыр», - деді Алмас Ізтелеуов.
Оның мәліметінше, таңертеңнен бері 1800 текше метрге жуық жаңбыр суы сорылған.
«Қала тұрғындары табиғат құбылысына байланысты су соруды жөніндегі өтінішін Атырау облысы әкімдігінің 109 бірыңғай байланыс орталығына бере алады. Өтінішке сәйкес нақтыланған мекенжайларға арнайы техниканы жібереміз», -деп мәлім етті Алмас Ізтелеуов.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда қарашада қысқы маусымда жолға себетін 400 тонна тұз жеткізілетінін хабарланған болатынбыз.