Атырау маңындағы Береке ауылында 3 жасөспірім Жайыққа батып кетті

АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау қаласының маңындағы Береке ауылының тұсында 3 жасөспірім Жайық өзеніне батып кетті. 

Атырау маңындағы Береке ауылында 3 жасөспірім Жайыққа батып кетті
Фото: ТЖМ

Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қоғаммен байланыс тобынан хабарлағандай, оқиға бүгін, 26 тамызда түсқайта болған.

«Бүгін сағат 17:25-те Атырау қаласына таяу орналасқан Береке ауылында 3 жасөспірімнің Жайық өзеніне батып кеткені туралы шақырту түсті. Құтқарушылар оқиға орнына жедел жетіп, 3 жасөспірім ұлдың арнайы жабдықталмаған орында суға түскені анықталды. Жедел құтқару жасағының сүңгуірлері сағат 18:25-те екі жасөспірімнің мүрдесін су астынан тауып, Жайық өзенінің жағалауына шығарды», - деп хабарлады департаменттің қоғаммен байланыс тобынан. 

Белгілі болғандай, Жайық өзеніне батып кеткен 3 жасөспірім бір жылда өмірге келген. Олардың жасы – 16-да. 

Қазір өзенге батқан үшінші жасөспірімді іздестіру жұмысы жалғасып жатыр. Жасөспірімді іздеуге 18 құтқарушы, 5 жүзу құралы, 4 техника тартылған. 

Еске сала кетейік, бұған дейін Атырауда Жайыққа батқан 14 жасар жасөспірім табылмай жатқанын, кейін оны итеріп жіберуі мүмкін екенін жазған едік. 

Екі күннен кейін Жайық өзеніне батқан жасөспірімнің мүрдесі табылғанын хабарлаған болатынбыз. 

Соңғы жаңалықтар