Атырау маңындағы бірнеше ауылға су беру уақытша тоқтатылады

АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау қаласының маңындағы шағын аудандар мен оған таяу орналасқан бірнеше ауылға су беру уақытша тоқтатылады. Тұрғындар ертең күні бойы сусыз отыратын болды. 

Түркістан облысының Сарыағаш ауданында бір ауылға таза ауыз су берілді
Фото: zhanaqorgan-tynysy.kz

«Атырау облысы Су Арнасы» КМК-ның баспасөз қызметінен мәлім еткендей, ертең, 8 қазанда магистральды су құбырында апатты қалпына келтіру жұмысы жүргізіледі.

«Бұл жұмыс «Атырау-Мақат» магистральды су құбырының Д-630 мм желісінде атқарылады. Осыған байланысты 2024 жылғы 8 қазан күні сағат 10:00-ден 18:00-ге дейін кейбір аумақтар бойынша тұрғын үйлер мен нысандарға су беру тоқтатылады», кәсіпорынның баспасөз қызметі.

Күні бойы сусыз отыратындардың қатарында Береке (бұрынғы Контейнерный) шағын ауданындағы 5 және 9 қабатты, сондай-ақ, жеке сектордағы тұрғын үйлер бар. Мұнайшы, Ардагер, Көктем, Жұлдыз-1, Жұлдыз-2, Жұлдыз-3, Көктем шағын аудандары мен Томарлы, Томарлы-2, Ақсай, Ақсай-2, Ақжар, Ақжар-2, Бірлік, Бірлік-2, Геолог, Талқайраң, Талқайраң-2, Бесікті, Аспа және Новокирпичный секілді ауылдарға, Гурьевснаб маңындағы тұрғын үйлерге су берілмейді.

Сондай-ақ, Қарабатандағы өндірістік базалар, разъезддер мен «KPI» ЖШС-нің кешеніне берілетін су тоқтатылады.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысының жылу беру маусымына дайындығы 97 пайызға орындалғанын жазған болатынбыз