Атырау мектептерінде қызмет бабында қайтыс болған полицей атындағы кадет сыныбы ашылды
АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау облысында 5 жыл бұрын полиция сержанты Шалқар Ақымғалиев Жайық өзеніне батқан қызды құтқару кезінде қаза тапқан еді. Бүгін қызмет бабында тапқан полицей оқыған мектепте кадет сыныбы ашылды.

Анасы Ләззат Мұқанованың айтуынша, Шалқар бала күнінен полиция қызметкері болуды армандаған. Әскерден оралғаннан соң Атырау қалалық полиция басқармасында 5 жыл жұмыс істеген.
«Досыңа, қызметіңе адал бол. Уәдеңе берік бол, аманатқа қиянат жасама» деуші едім. «Анашым, алаңдамаңыз, айтқаныңыздың бәрін орындаймын, бәрі сіз айтқандай болады», деп еркелейтін еді. Жұмысын адал атқарды», - дейді анасы Ләззат Мұқанова.
Шалқар Ақымғалиев Береке ауылындағы орта мектепте оқыған. Ұстаздарының айтуынша, мектепте алғырлығымен танылып, сабақты жақсы оқыған. Әсіресе, жаратылыстану бағытындағы пәндерге қызығушылығы басым болған.
Бүгін, Береке орта мектебінде Шалқар Ақымғалиев атындағы кадет сыныбы ашылды. Оған қызмет бабында қаза тапқан полицейдің анасы Ләззат Мұқанова мен інісі Мейіржан Көшкінбайұлы, полиция департаментінің бастығы, генерал-майор Нұрхат Оразбаев пен әріптестері қатысты.
Кадет сыныбында Шалқар Ақымғалиевтың өмірбаяны, әр кезеңдегі суреттері, қызметтік куәлігі мен марапаттары туралы мәліметтер қойылған. Мұнда полицейдің көзі тірісінде тұтынған бұйымдары да бар.
Кадет сыныбындағы алғашқы дәрісті полиция капитаны Рүстембек Сүндетов өткізіп, әріптесі Шалқар Ақымғалиевтың өмір жолы мен адами қасиеттері, батырға тән атылдығы, қызмет атқарған жылдары туралы естелігімен бөлісті. Сондай-ақ, полиция қызметкерінің қоғамдық тәртіпті сақтаудағы міндеттері туралы әңгімеледі. Ол Шалқар Ақымғалиевпен бірге Жайық өзеніне батқан әйелді құтқаруға атсалысқан.
Атырау облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, бұрын Шалқар Ақымғалиев атындағы кадет сыныбы Индер ауданында ашылған. Ал, бүгін Жылыой ауданының орталығы – Құлсары қаласындағы №9 мектепте, Исатай ауданындағы бір білім ордасында ашылып отыр.
Еске сала кетелік, бұған дейін Атыраудан күзгі маусымда 600-ге жуық бозбала әскерге шақырылатынын хабарлаған едік.