Атырау мен Ақтауда Qazbilim мектептері неге жабылды

АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Атырауда мектеп эпидемиологтардың рұқсат құжаты болмаса да жұмыс істеп, лицензиясынан айырылды. Ал Ақтаудағы мектеп құрылтайшының өтішімен жұмысын тоқтатты.

а
Фото: Atyrau Today

Qazbilim ұлттық лицейінің құрылтайшысы Атыраудағы мектепті тамыз айының соңында жапты. 

— Мектеп әкімшілігі Атырау облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінен рұқсат алмай жұмыс істеген. Биыл ақпан айында ескерту беріліп, айыппұл салынды. Ал тамызда прокуратура Атырау облыстық білім басқармасына мектептің рұқсат құжатсыз жұмыс істегенін хабарлаған. Хат Атырау облыстық білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаментіне түсті. Осы 19 тамыз күні лицензиясынан айыру туралы қаулы шықты. Бұған дейін де Атырауда жеке мектептерде талаптар сақталмай, түрлі жағдай болды. Бұл — оқушылардың қауіпсіздігі үшін қабылданған шешім, — дейді Атырау облыстық білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Бердібек Таишев. 

Атыраудағы Qazbilim ұлттық лицейінде 131 бала білім алған. Облыс әкімі баспасөз қызметінің хабарлауынша, бәрі өзге мектептерге орналасқан. 

— 7 оқушы Sana school Atyrau мектебіне, 7 оқушы Абырой school мектебіне ауысты. Ал қалған оқушылар Атырау қаласындағы мектептерге орналасты, — деп хабарлады Атырау облысы әкімінің баспасөз қызметі. 

Баласының оқу ақысын алдын ала төлеген ата-аналар ақшасын кері қайтаруы тиіс. Әзірге полицияға олардан шағым түспеген. 

Ал Qazbilim ұлттық лицейінің Ақтаудағы бөлімшесі сұраныс болмаған соң жабылған. 

— Мектепті ашу-жабу — құрылтайшының құқығы. Е-өтінішке бір емес, үш рет жұмысын тоқтату туралы өтініш түсті. Үшінші өтініші қабылданды. Себебі балалары, мұғалімдері тарап кеткен, мектепте жұмыс істейтін адам болмады. Ал Маңғыстау облыстық білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаменті тарапынан мектепке тексеру жүргізілмеді, — деді Маңғыстау облыстық білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Марат Сүлейменов. 

Айта кетейік, мектеп құрылтайшысы Аятжан Ахметжанұлы әлеуметтік желідегі парақшасында Ақтаудағы мектеп ғимараты өзіне тиесілі екенін, 4 ай бұрын сатуға шығарғанын хабарлады. Атырауда лицензиясын біржола, ал Шымкентте 6 айға тоқтатқанын жазды.

Соңғы жаңалықтар