Атырау мен Мақат ауданында ауаның ластануына байланысты 233 дерек тіркелді

АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау облысындағы мұнайлы шаһар мен Мақат ауданында ауа сапасының 233 жоғары ластану дерегі тіркеліп отыр. Ауада 5 мәрте экстремалды жоғары ластану көрсеткіші анықталған.

Атырау мен Мақат ауданында ауаның ластануына байланысты 233 дерек тіркелген
Фото: pexels.com

Атырау облыстық Экология департаментінің баспасөз қызметі ұсынған ақпаратқа қарағанда, зертханалық-талдамалық бақылау бөлімінің мамандары 11 айда 239 сынама алынған.

– Атмосфералық ауаның ластануын, өнеркәсіптік шығарындыларды бақылау және автокөліктер бойынша 129 сынамаға 1358 талдау жасалды. Атмосфералық ауадан алынған 172 сынамаға қатысты 526 анықтау жүргізілді. Ауаны ластайтын шығарындыларда 14 рет рұқсат етілген шекті шоғырлану нормативінен асқаны анықталды, - деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Ауадағы зиянды заттарды анықтау үшін атмосфераны ластау көздерінен 30 өнеркәсіптік сынама алынған.

– «Қазгидромет» РМК-ның мәліметіне сәйкес, Атырау қаласы мен Мақат ауданында орналасқан атмосфералық ауаның сапасын бақылайтын автоматты стансаларда 233 жоғары ластану және 5 экстремалды жоғары ластану жағдайы тіркелді. Оның ішінде Мақат ауданы бойынша 47 жоғары ластану анықталды. Атмосфералық ауа күкіртсутегімен жоғары деңгейде ластайтын негізгі бірнеше кәсіпорын бар. Бұлар – «Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС, «КазТрансОйл» АҚ, «Норт Каспиан Оперейтинг компани Н.В» компаниясы мен «Атырау облысы су арнасы» КМК. Сонымен бірге, ауаны оң жағалаудағы «Квадрат», сол жақ бөліктегі «Тухлая балка» булану алаңдары, Сарыөзек елді мекендегі кәріздік сарқынды суды тазарту стансасы, сұйық технологиялық қалдықтарды орналастыру алаңы мен Батыс Ескене теміржол кешені ластайды, - деп мәлім етті департаменттің баспасөз қызметі.

Сондай-ақ, «Спецавтобаза» ЖШС-нің санитарлық қорғау аймағынан тыс аумақта атмосфералық ауа сапасына мониторинг жүргізілген. Мониторинг қорытындысы бойынша көміртек оксиді 17,27 мг/м3 (ШРК 5,0 мг/м3 ), метан 61 мг/м3 (ШРК 50 мг/м3) ингредиентінен рұқсат етілген шекті шоғырланудан асқаны анықталған.

Аталған серіктестіктің қатты тұрмыстық қалдықтар полигонында бірнеше рет өрт болған. Атмосфералық ауаның улы газбен ластану фактілеріне жол бергені үшін «Спецавтобаза» ЖШС-ға ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 344-бабының 4) тармағымен екі мәрте хаттама толтырылып, жалпы көлемі 1 млн 107 мың 600 теңге айыппұл салынған.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын ауасы ластанған Атырауда қоршаған ортаны қай компаниялар бүлдіретінін жазған едік.

Соңғы жаңалықтар