Атырау МӨЗ сұйытылған мұнай газы өндірісін қайта бастады

АСТАНА. KAZINFORM – «Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС жоспарлы жөндеу жұмыстарын мерзімінен бұрын аяқтап, барлық технологиялық қондырғыны штаттық режімге шығарды. Бұл туралы Энергетика министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады. 

МӨЗ
Фото: Атырау мұнай өңдеу зауыты

Қазіргі уақытта мұнайды бастапқы және екінші қайта өңдеуге арналған негізгі және қосалқы қондырғылар кестеден ерте іске қосылды.

— Зауыт тұрақты жұмыс істеп, өндірістік бағдарламаға сәйкес өнім шығаруды қамтамасыз етіп отыр. 6–7 қарашада Атырау МӨЗ тәулігіне 16,8 мың тонна мұнай өңдеп, жобалық қуаттың 100%-ына жетті. Осы кезеңде 10 мың тоннадан астам сұйытылған газ, АИ-92 маркалы бензин, маусымаралық және қысқы дизель отыны өндіріліп, жөнелтілді.

Сұйытылған мұнай газының тәуліктік өндірісі шамамен 700 тонна. Елдегі сұйытылған газдың 11%-ын өндіретін зауыттың қайта іске қосылуы ішкі нарықтағы тұрақтылықты қамтамасыз етуге ықпал етеді. Қосымша өндірілген отын көлемдері жоспарға сәйкес өңірлерге жөнелтіліп, ағымдағы қажеттілікті толық қамтамасыз етеді, — делінген хабарламада.

Мұнай өнімдері өндірісін арттыру және өңірлердегі қорларды толықтыру жұмыстары жалғасып жатыр. Өңірлерді сұйытылған газ бен бензинмен қамтамасыз ету процесі Энергетика министрлігінің тұрақты бақылауында. 

Айта кетелік АМӨЗ-дің бұрынғы бас директорына қатысты қылмыстық іс тоқтатылған еді

 

Соңғы жаңалықтар