Атырау мұнай өңдеу зауыты қондырғыдан шыққан қара түтінге қатысты түсініктеме берді

АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау мұнай өңдеу зауытының құбырынан шыққан қара түтінге ұқсас қою бу әлеуметтік желіде қызу талқыланды. Кәсіпорын өкілдері оның су буы екенін мәлімдеді.

в
Фото: Kazinform/ЖИ

Перетаска, Жилгородок және Балықшы ықшамаудандарының тұрғындары ауа сапасына алаңдаушылық білдіруде.

Кәсіпорынның мәліметінше, кешкі уақытта каталитикалық крекинг қондырғысының BELCO скруббері құбырынан шығатын су буы қою түтін болып көрінуі мүмкін. Зауыт өкілдері мұны жарықтың түсуімен байланыстырды.

- Күннің орналасуы мен көру бұрышына қарай ақ бу сұр немесе қою түсті болып көрінуі мүмкін. Құбырға сол уақытта басқа тұстан қарағанда, мұндай әсер байқалмауы мүмкін.Зауыт штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Жабдықтың жұмысында авариялық жағдайлар мен технологиялық ауытқулар тіркелген жоқ,-деп хабарлады зауыттың баспасөз қызметі.

Ауа сапасын тікелей қарап отыруға мүмкіндік беретін Air.kz қосымшасындағы дерекке сүйенсек, 30 қазан сағат 10:00-де «Восток» ықшамауданындағы №109 бақылау бекетінде күкіртсутек концентрациясы 10,6 мкг/м³ болған. Мониторинг қосымшасында бұл көрсеткіш шекті рұқсат етілген концентрациядан 1,3 есе жоғары деп көрсетілген. 07:00-де «Химпоселок АНПЗ» бақылау нүктесінде күкіртсутек мөлшері 5,0 мкг/м³ болған. Бұл көрсеткіш қосымшада шекті концентрацияның 0,6 есе артық екені белгілі болды.

Бұған дейін экология департаменті Атырау мұнай өңдеу зауытын жоспардан тыс тексеріс жүргізіп, бірқатар талаптың бұзылғанын анықтаған еді. 2026 жылдың 25 тамызында және 2-7 қыркүйегі аралығында күкіртті қалпына келтіру қондырғысында (ҚКҚ) және каталитикалық крекинг қондырғысында (ККҚ) болған төтенше жағдайлар нәтижесінде алау қондырғысына апаттық газ шығарындылары болғаны анықталды. Осы кезеңдерде жағылған газдың жалпы массасы 100 тоннадан асқан.

Кейін кәсіпорын тексеріс нәтижесіне қатысты өз ұстанымын жариялады.