Атырау мұнай өңдеу зауыты толық қуатында жұмыс істеуге көшірілді

Атырау мұнай өңдеу зауыты жоспарлы тексеру аяқталғаннан кейін толық қуатында жұмыс істеп тұр, деп хабарлайды Kazinform.

МӨЗ
Фото: Атырау мұнай өңдеу зауыты

Кәсіпорынның қоғаммен байланыс бөлімінен мәлім еткендей, зауыттың Энергетика министрлігі бекіткен жоспарға сәйкес сұйытылған мұнай газын, автобензиндер мен дизель отынын өндіретін қондырғылар толық қуатына көшірілді. Өңделген өнімдер тұтынушыларға жөнелтіліп жатыр.

– Жоспарлы тексеруден кейін 29 қазанда каталитикалық крекинг қондырғысы белгіленген мерзімінен екі күн бұрын тұрақты жұмыс режиміне шығарылды. Одан бір апта бұрын технологиялық қондырғылардың бірінші кезеңі сәтті іске қосылды. Зауыттағы жоспарлы тексеру жұмыстары – жабдықтардың тұрақты жұмыс жағдайын сақтап, өндірістің тиімділігін арттыру үшін жыл сайын іске асырылатын іс-шара. Биылғы жұмыстар аясында бірнеше іс-шара атқарылды. Оның ішінде 2 753 бақылау-өлшеу аспабы мен автоматика құралын тексеру, 723 электр қозғалтқышына техникалық қызмет көрсету, 62 қосалқы станция жабдығын тексеру және сынау, жоғары қысыммен жұмыс істейтін 803 түтікшені, сондай-ақ, 1 539 технологиялық құбырды техникалық және өнеркәсіптік қауіпсіздік сараптамасынан өткізу жүзеге асырылды, - деп хабарлады зауыттың қоғаммен байланыс бөлімінен.

Зауыттың технологиялық қондырғылары мен жабдықтарын тексеруге мердігер кәсіпорындардан 1 600-ге жуық қызметкер, 116 арнайы техника жұмылдырылды.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау мұнай өңдеу зауытында қондырғылардың бірінші кезегі қайта іске қосылғанын, кейін сұйытылған газ қайта шығарыла бастағанын жазған болатынбыз. 

Соңғы жаңалықтар