Атырау мұнай өңдеу зауыты жөндеуге жабылды
АТЫРАУ. KAZINFORM — Бүгіннен бастап, яғни 1-25 қазан аралығында Атырау мұнай өңдеу зауыты жоспарлы жөндеуге жұмысын тоқтатты. Бұл жайында Энергетика министрлігі хабарлады.

Жоспарлы-сақтандырмалық жөндеу (ЖСЖ) аясында зауытта мың дана жабдықтарға сараптама және куәландыру жұмыстары жүргізіледі, яғни, 1174 дана ыдыс пен аппараттар, 46 пеш, 1458 дана технологиялық тұрбалар тексеруден өтеді.
Сонымен қатар 316 тонн катализатор ауыстырылады. Ең шешуші әрі қиын операция ретінде жай кокстену қондырғысы реакторларының конустық түбін ауыстыру жұмыстары болмақ. Ол үшін зауытта әрқайсысының көтеру қабілеті 750 тонн болатын екі бірегей кран жөнделеді.
ЖСЖ барысында реакторларда жабдықтардың болашақта сенімділігі үшін болжамды диагностикалау инновациялық жүйесі де енгізіледі. Осы жұмыстарды атқаруға тұтастай алғанда 1880 маман мен 62 арнайы техника жұмылдырылады.
Ішкі нарықта жанар-жағармай тұрақтылығын сақтау және мұнай өнімдерін жөнелтуді қамтамасыз ету мақсатында зауыт ЖСЖ кезінде тауарлы өнімнің жеткілікті қорын қалыптастыру шараларын алады.
ҚазМұнайГаз ақпаратына сәйкес, жуырда зауытқа барған ҚМГ басқарма төрағасы Асхат Хасенов зауыт алдына жылдық өңдеуді 1,6 млн тоннаға жеткізіп, әр жөндеу жиілігін үш жылға ұзартуды тапсырған.
Еске сала кетейік, біз бұған дейін Атырау мұнай өңдеу зауытының бұрынғы басшысы мезгілсіз дүниеден өткенін хабарлаған едік.