Атырау мұнай өңдеу зауытында қазанда жоспарланған алдын алу жұмысы жүргізіледі
АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау мұнай өңдеу зауытында 1 қазанда жоспарлы алдын алу жұмыстарын жүргізу басталады.
Кәсіпорынның қоғаммен байланыс бөлімінің ақпаратына қарағанда, бұл ҚР Азаматтық қорғау туралы заңының талаптарына, сондай-ақ Энергетика министрлігі бекіткен жоспар-кестесіне сәйкес қолға алынғалы отыр.
«Жоспарлы алдын алу жұмыстары – алдағы уақытта технологиялық қондырғылардың қауіпсіз қызметін қамтамасыз ету, жабдықтың тұрақты жұмыс істеуін қадағалау және өндіріс тиімділігін арттыру үшін мұнай өңдеу зауытында өткізілетін қалыпты процедура. Осы кезеңде Атырау мұнай өңдеу зауытында технологиялық жабдықтар мен құбырлардың өнеркәсіптік қауіпсіздігін техникалық куәландыру, тексеру және сараптау жөніндегі іс-шаралар кешенін жүргізу жоспарланды. Зауыт тоқтаған кезде реакторлық жабдықтың катализаторларын ауыстыру жүргізіледі» -деп хабарлады зауыттың қоғаммен байланыс бөлімі.
Зауыттағы жоспарлы алдын алу жұмыстарына 2000-нан астам қызметкер, 70-ке жуық арнайы техника жұмылдырылады.
«Ішкі нарықтағы жанар-жағармай материалдарының тұрақты жағдайын сақтап тұру мақсатында Атырау мұнай өңдеу зауытында мұнай өнімдерінің бүкіл желісі бойынша жеткілікті қор көлемі жинақталып жатыр. Мұнай өнімдері Энергетика министрлігінің жеткізу кестесіне сай ішкі нарыққа біркелкі жөнелтілетін болады», -деп мәлім етті қоғаммен байланыс бөлімінен.
Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау мұнай өңдеу өңдеу зауытында көмірсутек газы ауаға жіберілгенін хабарлаған едік.