Атырау мұнай өңдеу зауытында монополияға қарсы заңнама бұзылған ба
АТЫРАУ. KAZINFORM — Атырау мұнай өңдеу зауытында мұнай өңдеудің тауар нарығындағы баға мен өндіріс көлемінің динамикасына талдау жүргізілген. Енді сол талдаудың негізінде монополияға қарсы тексеру басталды.

Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі Атырау облыстық департаментінің мәліметінше, бірнеше кемшілікті анықтаған. Бұл — мұнай өңдеу бойынша монополиялық жоғары бағаны белгілеу және ұстап тұру.
— Мұнайдың орташа бағасының 2021 жылдан 2023 жылға дейінгі кезеңде 31 пайызға өсуіне байланысты монополиялық үстем жағдайды теріс пайдалану белгілері анықталды. Осыған орай монополиялық жоғары бағаны белгілеу дерегі еліміздегі бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнаманы ықтимал бұзушылықтарға тергеп-тексеру жүргізу барысында айқындалатынын атап өткен жөн. Монополияға қарсы заңнаманы бұзу дерегі расталса, айналымның 5 пайызы мөлшерінде айыппұл салынады. Монополиялық кіріс тәркіленеді. Бағаны негізделген деңгейге дейін төмендету туралы нұсқама енгізіледі, - делінген департаменттің ақпаратында.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау мұнай өңдеу зауытындағы пешті іске қосу кезінде ақау шыққанын хабарлаған едік.