Атырау мұнай өңдеу зауытындағы ашық алаңда күкірт жинаулы тұр
АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау қаласының шетіндегі мұнай өңдеу зауытының базасындағы ашық алаңда арнайы қапқа салынған күкірт жинаулы тұр. Бірақ зауыттың жетекші инженері де, қойманы жалға алған мердігер компанияның өкілі де күкірттің қоршаған ортаға зияны жоғын айтты.

Атырау мұнай өңдеу зауытының жетекші инженер-экологы Абзал Теміровтің айтуынша, кәсіпорында түйіршіктелген күкірт шығаратын екі қондырғы бар. Онда күніне 12-16 тонна аралығында күкірт шығарылады.
«Кеше әлеуметтік желіде күкіртті сақтау мәселесіне байланысты ақпарат шықты. Күкірт сақталған қойма зауыттың меншігінде тұр. Бұл қойма мердігер мекемеге жалға берілді. Жалға беру шарты бар. Биыл ашық қойманы «Трэйд Ойл Ресурс» ЖШС жалға алды. Бұл компания зауыттан шығарылған күкіртті сатып алып, келесі тарапқа жеткізеді», - деді Абзал Теміров.
Оның айтуына қарағанда, қазір күкірт ашық алаңда тұр. Бірақ, нақты көлемі белгісіз.
«Түйіршіктелген күкірт арнайы герметикалық қаптарға салынады. Әр қаптың көлемі – 1 тонна. Күкірттің бұл түрі қалдыққа жатпайды. Оның қоршаған ортаға зияны жоқ», - деп мәлім етті Абзал Теміров.
Ал, қойманы жалға алған «Трэйд Ойл Ресурс» ЖШС-нің кеңсесі Алматыда орналасқан. Компанияның қаржы директоры Жайық Омаровтың айтуынша, ашық алаңы бар қойма жыл соңына дейін жалға алынған.
«Герметикалық қаптарға салынған күкірттің қоршаған ортаға ешқандай зияны жоқ. Бұл – түйіршіктелген күкірт. Зауыттан айына шамамен 500-700 тонна шығарылады. Оны өткізу оңай емес. Кейде тұтынушы табылмайды. Мәселен, жаз айларында күкірт алушылар болмады. Тек қазан айында «Казфосфат» ЖШС-ға 1 мың тоннадан астам күкірт жібердік. Енді осы айда Ресей Федерациясындағы тұтынушыға 2000 тонна күкіртті жіберуге келісімшарт жасалды. Сол кезде жинаулы тұрған күкірттен толық арыламыз», - дейді Жайық Омаров.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау мұнай өңдеу зауытының баяу кокстеу қондырғысында ақаулар анықталғанын хабарлаған едік.