Атырау мұнай өңдеу зауытының баяу кокстеу қондырғысында ақаулар анықталған
АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау мұнай өңдеу зауытындағы жоспарланған алдын алу жұмыстары кезінде баяу кокстеу қондырғысында қосымша ақаулар анықталған. Қазір ақауды жою жүріп жатыр.
Кәсіпорынның баспасөз қызметінен мәлім еткендей, зауыттың қондырғыларын іске-қосу баптау толық аяқталған. Қазір ЭЛТҚ АҚ-2, ЭЛТҚ-АВҚ-3, бензин мен дизель отынын гидротазарту, күкірт өндіру, аралас күкірт өндіру, каталитикалық риформинг (CCR), каталитикалық крекинг, cұйытылған көмірсутекті газдарды күкіртсіздендіру (Sulfrex), нафтаны селективті гидрогенизациялау (Prime G), жеңіл газойльді гидротазарту (Prime D), ТАМЭ өндірісі және нафтаны гидротазарту секілді негізгі өндірістік қондырғылар штаттық режимде жұмыс істеп тұр.
«Жоспарланған алдын алу жұмыстары кезінде баяу кокстеу қондырғысында қосымша ақаулар анықталды. Қазіргі кезде ақауларды жою жүргізіліп жатыр. Қондырғыны жақын арада іске қосу жоспарланып отыр», деп хабарлады зауыттың баспаөсз қызметі.
Соған қарамастан зауыттың тәуліктік мұнай өңдеу көрсеткіші 14 мың 380 тоннаны құрап отыр. Қараша айының басынан бері 43 мың 800 тонна шикізат өңделді. Қазір тәулігіне 4 мың 930 тонна автобензин, 2 300 тонна дизель отыны, 1 100 тонна сұйытылған газ, 900 тонна әуе отыны тауарлы өнім шығарылған.
«Мұнай өнімдерін Энергетика министрлігі бекіткен жоспарға сәйкес жөнелту қолға алынды. Қарашаның басынан бері 8 мың 300 тонна, оның ішінде 2 мың 852 тонна АИ-95 маркалы жанармай, 5 мың 622 тонна қысқы ДТ-З дизель отыны, 2 мың 873 тонна сұйытылған газ жөнелтілді. Мұнай өнімдерін жөнелту процесі кедергісіз жалғасады», -деп мәлім етті баспасөз қызметінен.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау мұнай өңдеу зауытында жоспарланған алдын алу жұмыстары аяқталғанын хабарлаған болатынбыз.