Атырау облысына қызылшаға қарсы вакцинаның 20 мың дозасы жеткізілді
Атырау облысында қызылша дертін 2290 адам жұқтырған. Сол себептен, қызылшаға қарсы вакцинаның 20 мың дозасы жеткізілді. Апта соңына дейін тағы 19 мың дозаны жеткізу көзделіп отыр, деп хабарлайды Kazinform.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қайсар Абдалиевтің айтуынша, осы кезге дейін қызылшаға қарсы 21 227 тұрғын екпе алған.
«Соңғы екі жылда Атырау облысында қызылша ауруын жұқтыру дерегі тіркелмеген еді. Алайда, қазір бұл ауру өршіп тұр. Осы кезге дейін 2 290 атыраулық қызылша жұқтырды. Сол себептен, ұжымдық иммунитет қалыптастыру керек. Өйткені, инфекция ауа тамшылары арқылы таралады. Қызылшамен ауырмаған, тіпті оған қарсы екпе алмаған адамдар өмір бойы қызылшаға өте сезімтал болады. Олар кез-келген жаста ауыруы мүмкін. Бұл аурудың алдын алудың жалғыз жолы – вакцина», - деп мәлім етті Қайсар Абдалиев.
Оның дерегіне сүйенсек, Атырау облысынан қызылша, қызамық, паротитке қарсы екпенің 39 мың дозасына тапсырыс берілген.
Қазір мамандар Атырауға жеткізілген вакцина дозаларын қалалық және аудандық емханаларға бөліп, таратып жатыр.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда қызылша ауруын жұқтырғандар ауруханаға өздері барғанын хабарлаған едік.