Атырау облысында 114 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды
Атыра облысында ауыл шаруашылығы мақсатындағы 216 жер телімі мемлекет меншігіне қайтарылды. Жер телімдерінің жалпы аумағы – 114 мың 656 гектар, деп хабарлайды Kazinform.

Атырау облыстық жер ресурстарын басқару департаментінің басшысы Гүлзия Құрманованың мәліметінше, жыл соңына дейін мемлекет иелігіне 210 мың гектар жерді қайтару жоспарланған.
– Атырау облысында ауыл шаруашылығы мақсатына берілгенімен, игерілмеген жер телімдері анықталды. Сондай жер телімдерін қайтарудың бірнеше нұсқасы қарастырылды. Жер телімдері пайдаланушылардың өз еркімен, пайдалану мерзімі аяқталуына байланысты, сот шешімімен және өзге жолдармен мемлекетке қайтарылып жатыр. Осы кезге дейін ауыл шаруашылығы мақсатындағы 216 жер телімі мемлекеттің меншігіне қайтарылды. Мұндай жер телімдерінің жалпы аумағы – 114 мың 656 гектар. Оның ішінде 40 гектары егістік, 113 мың 975 гектары жайылымдық мақсат үшін берілген. Ал, 641 гектар жерді өзге мақсатта пайдалану көзделген, - деп хабарлады Гүлзия Құрманова.
Оның айтуынша, Атырау қаласының маңынан 7 823,38 гектардың 35 жер телісі қайтарылған. Ал, Жылыой ауданында 19 551,5, Құрманғазыда – 8 319,25, Қызылқоғада – 19 179 гектар жер телімі мемлекет меншігіне берілген.
Сондай-ақ, Мақат ауданында 8 203,15, Махамбетте – 15 823,9, Исатайда – 11 596, Индер ауданында 24 160 гектар жер телімі қайтарылған. Иелері өз еркімен жер телімдерін мемлекет иелігіне өткізген.
Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау облысында жер қорының жартысынан астамы ауыл шаруашылығын дамытуға қолайсыз екенін жазған едік.