Атырау облысында 13 мыңға жуық адам қант диабетіне шалдыққан
АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау облысында қант диабеті сырқатына шалдыққандар саны 13 мыңға жуықтаған. Ал, биыл бұл сырқатпен ауыратын науқастар былтырғы көрсеткіштен 9 пайызға артқан.

Эндокринолог-дәрігер Бибігүл Айтмағанбетованың мәліметіне сүйенсек, науқастардың арасында кәмелетке толмаған 213 балалар мен жасөспірімдер бар.
«Қазір денсаулық сақтау басқармасы диабетке шалдыққан науқастарды емдеу және қолдау шараларын күшейтуді қолға алды. Осы орайда бұл аурумен күресудің тиімді жолы ретінде саламатты өмір салтын ұстану, дұрыс тамақтану және физикалық белсенділік екенін естен шығармау қажет. Өйткені, науқастардың көбі қант мөлшерінің көбейіп кеткенін білмеуі мүмкін. Қант диабетінің бірінші типімен ауыратындар есінен танып, құлап қалады. Ал, екінші типке жататын дерт көпке дейін белгі бермейді. Сондықтан, көпшілігі қант диабетіне шалдыққанын өте сезеді», - дейді Бибігүл Айтмағамбетова.
Оның айтуынша, диабет дертін емдеуге қолданылатын дәрі-дәрмектермен, оның ішіндеинсулинмен қамтамасыз ету тұрақты түрде бақылауға алынған.
Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда жіті респираторлық вирустық инфекциялардың 13 107 жағдайы тіркелгенін хабарлаған болатынбыз.
Ал, 9 айда 231 адам туберкулез дертін жұқтырғанын жазған едік.
Сондай-ақ Атырау облысында жыл басынан бері көкжөтелдің 144 жағдайы тіркелген.