Атырау облысында 2 күнде жол-көлік оқиғасынан 3 адам көз жұмды

Атырау облысында жаңажылдық мереке күндері 2 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 3 адам көз жұмды, деп хабарлайды Kazinform.

қаза тапты
Фото: Kazinform

Атырау облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, жол-көлік оқиғасының бірі Құрманғазы, екіншісі Қызылқоға ауданының аумағында тіркелген.

«Жаңа жылдың алғашқы екі күнінде Атырау облысында екі жол-көлік оқиғасынан 3 адам қаза тапты. Осыған байланысты жүргізушілерге көліктің жылдамдығын шамадан тыс асырмай, жолда жүру ережесін сақтауды ескертеміз. Көлік жолаушылары жүргізушіге жылдамдықты асырмауды ескертіп отырыңыздар», - деп дабыл қақты департаменттің баспасөз қызметі.

Жол-көлік оқиғасының біріншісі 1 қаңтарда сағат 21:30 шамасында Ақтөбе-Атырау-Астрахан бағыты жолының 861-шақырымы тұсында болған. Жолда келе жатқан Тоуоtа көлігі жаяу жүргіншіні қағып кеткен. Жол-көлік оқиғасының салдарынан жаяу жүргінші оқиға орнында жантәсілім еткен. 

Бұған дейін хабарлағанымыздай, кеше, 2 қаңтарда таңертеңгі сағат сағат 08:30 шамасында Toyota Alfhard автокөлігі аударылған. Бұл жол апаты Қызылқоға ауданындағы Кенбай және Жамансор елді мекендері аралығында болған. Оған полицейлердің екі мәрте ескертуін елемеген жүргізушінің кінәлі екені анықталып отыр. Жол апатынан көлік жүргізуші мен 2001 жылғы жігіт көз жұмды. Ал, түрлі дене жарақатын алған үш жолаушы Мақат аудандық орталық ауруханасына жеткізілді. 

Соңғы жаңалықтар