Атырау облысында 2 жүк вагоны аударылып, жерге күкірт төгілді
АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау облысында 4 жүк вагоны рельстен шығып кетіп, оның 2-еуі аударылып қалды. Соның салдарынан жерге күкірт төгілген.

Оқиға бүгін, 7 желтоқсанда Атырау облысының Мақат ауданында болған.
– Мақат ауданында 4 вагоны рельстен шығып, оның екеуі аударылған. Соның салдарынан вагондағы күкірт жерге шашылды. Қазір жауапты мамандарға вагондарды көтеріп, қалпына келтіруге тапсырма берілген. Атырау облыстық экология департаментінің мамандары сынама алу үшін оқиға орнына аттанып кетті, - деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау мұнай өңдеу зауытындағы ашық алаңда күкірт жинаулы тұрғанын хабарлаған болатынбыз.
Кейін Атырау мұнай өңдеу зауытының ашық алаңында күкірт жинаған компанияға айыппұл салынғанын жазған едік.
Атырау облыстық экология департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, 14 қарашада ашық алаңдағы күкіртке байланысты ұжымдық хат түскен. Осыған байланысты «АМӨЗ» ЖШС мен зауыттың базасының бір бөлігін жалға алған «Trade Oil Resource» ЖШС-ға жоспардан тыс тексеру жүргізілді.
Тексеру қорытындысымен «Trade Oil Resource» ЖШС-ға шағын кәсіпкерлік субъекті екендігі ескеріліп, қысқартылған іс жүргізу тәртібімен жалпы сомасы 738 мың 400 теңгені құрайтын айыппұл салынған. Айыппұл қаржысы толық өндірілген.