Атырау облысында 24 стихиялық қоқыс алаңы әлі тазаланбаған
Биыл Атырау облысында рұқсат етілмеген 107 қоқыс алаңы анықталған. Оның ішінде 24-і әлі тазаланбаған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық Экология департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, биыл космостан мониторинг жүргізудің қорытындысы бойынша анықталған стихиялық қоқыс алаңдарының 83-і жойылған.
«Қазір тазаланбаған 24 қоқыс алаңы бар. Оның ішінде Атырау қаласының аумағында 8 алаң тіркелген. Ал Махамбет ауданындағы 8 орын рұқсат етілген полигон аумағында орналасқан. Жылыой ауданында тазаланбаған 8 қоқыс алаңы анықталып отыр», - деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.
Департамент мамандары тазаланбаған қоқыс алаңдарын бақылауға алған. Қоқыс алаңдары қазан айының соңына дейін тазаланатыны жоспарланған.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау тұрғыны Жайық өзеніндегі судың жасыл түсіне алаңдаушылық білдіргенін хабарлаған болатынбыз.
Атырау қаласының тұрғыны Артур Зайнуллин әлеуметтік желіге Жайық өзенінің жағалауындағы ахуал туралы видео жүктеді. Оның айтуынша, өзен суы жасыл түске боялған.
Осыған байланысты облыстық Экология департаментінің мамандары Жайық өзенінен су сынамасын алған.
«Әлеуметтік желіге жүктелген видеожазбаларға мониторинг жүргізілді. Департаменттің зертханалық-талдама бақылау бөлімінің мамандары Жайық өзенінің Атырау қаласындағы Көкарна шағынауданы тұсынан су сынамасын алды. Сынаманы талдау қорытындысы кейін хабарланады», - деп мәлім етті департаменттің баспасөз қызметінен.