Атырау облысында 501 шетелдік жұмысшы көкөніс, бақша өнімдерін жинап жүр

АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау облысында көкөніс пен бақша дақылдарын жинау басталды. Шаруашылық құрылымдарында бұл жұмысқа шетелдік 501 адам тартылған. 

Атырау облысында 501 шетелдік жұмысшы көкөніс, бақша өнімдерін жинап жүр
Фото: Атырау облысының әкімдігі

Атырау облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының бөлім басшысы Азат Қапановтың мәліметінше, биыл 8 735,5 гектарға көкөніс және бақша дақылдары егілген. Егістік алқап былтырғыдан 3 492,8 гектарға немесе 66%-ға артқан. 

– Биыл Атырау облысында көктемгі дала жұмыстары белгіленген мерзімде және агротехникалық талаптарға толық сәйкес аяқталды. Ауыл шаруашылығының барлық бағытында көрсеткіш өсіп келеді. Мәселен, егістік алқаптың артуы – саладағы жүйелі қолдаулар мен шаруалар еңбегінің нәтижесі. Шаруашылықтар маусымдық жұмыстарға қажетті жұмыс күшімен қамтылды. Арнайы комиссияның шешімімен шетелдік жұмыс күшін тарту үшін 670 квота бөлінді. Ал, 1 шілдеде 501 адамға жұмыс істеуге рұқсат берілді. Қазір олар көкөніс және бақша дақылдарын жинауға тартылды, - дейді Азат Қапанов. 

Атырау облысында 501 шетелдік жұмысшы көкөніс, бақша өнімдерін жинап жүр
Фото: Атырау облысының әкімдігі

Басқарма өкілінің мәліметіне сүйенсек, осы кезге дейін 435 гектардан 6 940 тонна өнім жиналған. Оның ішінде 2 100 тонна көкөніс, 3 160 тонна бақша дақылы бар. 

Сондай-ақ 300 гектардан 1 680 тонна мал азықтық дақыл алынған. 

Еске сала кетелік, Атырауда өткен аптада сары май, сәбіз, пияз, қант пен тұз бағасы өзгергенін жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар