Атырау облысында 8 жыл бұрын басталған мәдениет үйінің құрылысы әлі бітпей тұр
АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау облысындағы Сарытоғай ауылында 8 жыл бұрын мәдениет үйінің басталған еді. Содан бері нысан құрылысы әлі бітпей тұр.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облыстық департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, жемқорлық тәуекелдерінің картасына 8 құрылыс нысаны енгізілген.
– Тапсыру мерзімі бұзылған және жымқыру қаупі бар 8 құрылыс нысаны бақылауға алынды. Осындай нысанның бірі – Махамбет ауданының Сарытоғай ауылындағы 200 орындық мәдениет үйі. Бұл нысанның құрылысына 2017 жылы 260 млн теңге бөлінді. Алайда құрылыс мерзімінде аяқталмады. Бұл сот процесінің басталуына себеп болды. Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының шешімімен мердігер «Строй проект-2017» ЖШС-мен келісімшарт бұзылды, -деп хабарлады лепартаменттің баспасөз қызметі.
Оның айтуынша, жергілікті департамент облыс әкімдігімен бірлесіп бұзушылықтарды жою, проблемалық нысандардың құрылысын аяқтау жөніндегі жоспарды бекіткен. Осыған байланысты жауапты мемлекеттік органдарға, қала мен аудандардың әкімдіктеріне тапсырмалар берілген.
– Осындай жұмыстың нәтижесінде Сарытоғай ауылындағы мәдениет үйінің құрылысын аяқтау үшін жаңа мердігер анықталып, «Гранд Мастер» ЖШС-мен шарт жасалды. Мердігер құрылысы жұмысты қайта бастады. Қазір нысанның құрылысы 95 пайызға аяқталды. Құрылысқа қажетті жабдықты жеткізу күтіліп отыр. Мәдените үйінің құрылысы алдағы ақпан айының ортасында толығымен аяқталады, -деп мәлім етті баспасөз қызметінен.
Еске сала кетелік, бұған дейін «Боялған ақша» жобасы Атырауда 30 жыл жөнделмеген жол қаржысына қолданылатынын хабарлаған едік.