Атырау облысында былтыр 168 заңсыз қоқыс алаңы анықталған

АТЫРАУ. KAZINFORM – Былтыр Атырау облысында жүргізілген ғарыштық мониторинг кезінде 168 заңсыз қоқыс орны анықталды. Оның 53-і Атырау қаласында, ал Жылыой ауданында 115 қоқыс алаңы орналасқан.

қоқыс
Фото: ТЖМ

Атырау облыстық экология департаментінің басшысы Асқар Жүсіповтің дерегіне сүйенсек, ғарыштық мониторингті «Қазақстан ғарыш сапары» ҰК» АҚ жүргізген. 

– Ғарыштық мониторинг деректеріне сәйкес анықталған заңсыз қоқыс орындарының 125-і толық тазартылды. Ал 3 орын заңдастырылған қалдық полигоны ретінде танылды. Жергілікті атқарушы орган 40 аумаққа қоқыс тастағанда жеке тұлғаларға шара қолданды, -деп хабарлады Асқар Жүсіпов.

Оның айтуына қарағанда, экологиялық ахуалды жақсарту үшін қалдықтарды өңдеу ісін қолға алу қажет.

– Атырау облысында тұрғындарды алаңдататын өзекті мәселенің бірі – қоршаған ортаның тазалығын сақтау. Осы орайда заңсыз қоқыс орындарын жою, қалдықтарды қайта өңдеу жүйесін дамыту, экологиялық мәдениетті қалыптастыру бағытында жұмыстар күшейтілді. Мәселен, «Тухлая балка» булану алаңын қалпына келтіру жұмыстары аяқталды. Ал «Квадрат» булану алаңын қалпына келтіру жобасы жүргізіліп, 36 мың 147 текше метр ластанған тұнба тазартылды. Жайық өзенінің арнасын тазартуға байланысты өнеркәсіптік қалдықтарды басқару жүйесін жақсарту үшін кәсіпорындармен экологиялық стандарттарды күшейту бойынша келіссөздер жүргізіліп жатыр, - деп мәлім етті Асқар Жүсіпов.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда компанияларға салынған 42 млрд теңге айыппұлдың 26 млрд теңгесі өндірілгенін хабарлаған едік.

 

Соңғы жаңалықтар