Атырау облысында былтырғыдай су тасқыны қайталануы мүмкін бе
АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау облысында былтырғыдай су тасқыны бола ма? Облыс әкімі Серік Шәпкеновтің айтуынша, алдына ала бағалауға сәйкес бүгінгі ахуал былтырғы сценарий бойынша өрбіп отыр.

Су тасқынының алдын алу үшін бұған дейін соғылған бөгеттер реконструкцияланып, қалыпқа келтіріліп жатыр. Оған қажетті қаржы қарастырылған. Материалдық-техникалық резервтер толық жинақталған.
– Жол инфрақұрылымын қалпына келтіру аясында Үкіметтің резерв қаржысы мен жергілікті бюджет есебінен 30 шақырым жол жөнделіп, 4 көпір қалпына келтірілді. Жол бойында 13 мал өткелі салынып, бұрын су шайып кеткен 49 учаскеге су өткізу құбырлары қондырылды, - дейді Серік Шәпкенов.

Әкімнің айтуына қарағанда, Атырау облысындағы су тасқынына қарсы шаралар аясында Жылыой ауданындағы Жем өзені мен Құрсай арнасының түбін тереңдету жұмыстары жүріп жатыр. Жобаға сәйкес 95 шақырым түптің 80,3 шақырымы тереңдетілген.
– Жоспарланған 61 шақырым бөгеттің 29 шақырымы соғылды. Қызылқоға ауданының 9 ауылдық округі мен 5 елді мекенінде 41,9 шақырым бөгетті нығайту қолға алынды. Индер ауданында қолданыстағы 34,5 шақырымдық бөгеттің қорғаныс құрылыстары күшейтілді. Махамбет ауданында 105 шақырым бөгет салынды. Биыл қосымша 29,9 шақырым бөгет нығайтылып, жаңадан 12,4 шақырым бөгет тұрғызылады, - деп мәлім етті Серік Шәпкенов.
Еске сала кетелік, бұған дейін Атыраудағы Зарослый және Гогольский каналдарын тереңдету қашан аяқталатынын жазған едік.