Атырау облысында борышкерлерден соттан тыс банкроттыққа 2 232 өтініш түсті

банкрот
Фото: freepik.com

Атырау облысында 16 қазанға дейін борышкерлерден соттан тыс банкроттыққа борышкерлерден 2 232 өтініш түскен. Оның ішінде 393 өтініш қанағаттандырылған, деп хабарлайды Kazinform.

Атырау облыстық Мемлекеттік кірістер департаменті оңалту және банкроттық бөлімінің басшысы Эльвира Унгарованың мәліметінше, 1 839 өтініш қанағаттанарлық дәрежеде қаралмаған.

"Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң үш түрлі рәсімді қарастырады. Бұл – соттан тыс банкроттық, сот банкроттығы және төлем қабілеттілігін қалпына келтіру. Барлық үш рәсімді де тек борышкер ғана бастай алады. Бірақ, несие беруші немесе өзге кредитор борышкерге қатысты бұл рәсімдерді қолдануға құқығы жоқ. Мемлекеттік кірістер департаментіне түскен 2 232 өтініштің 393-і қаралды. Осы кезге дейін 142 өтініштің иесі банкрот деп танылып отыр. Ал, 288 борышкерге алғашқы қаржылық мониторинг жүргізілді. Борышкердің кредиторлар алдындағы міндеттемелерін орындаудан жалтару белгілерінің жоқтығы туралы 283 анықтама жасақталды. Қазір 5 борышкерге талдау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Екінші қаржылық мониторинг қорытындысымен 193 борышкердің кредиторлар алдындағы міндеттемелерін орындаудан жалтару белгілерінің жоқтығы 191 анықталды", - деді Элвира Унгарова.

Оның айтуынша, қарызы 1600 АЕК немесе 5 млн теңгеден асқан азаматтар сот банкроттығын қолдана алады. Бұл рәсім кезінде борышкердің мүлкі сатылады. Түскен қаражат белгіленген тәртіппен кредиторлар алдындағы қарыздарды өтеуге жұмсалады.

– Заң жобасында банкроттықтан кейін азамат 5 жыл бойы қарыз, несие рәсімдей алмайды. Оның қаржылық жағдайына 3 жыл мониторинг жүргізіледі. Ол 7 жылдан кейін ғана банкроттыққа қайта жүгіну құқығына ие болады, - деп мәлім етті Эльвира Унгарова.

Еске сала кетелік, бұған дейін 1 546 атыраулықтың өзін банкрот деп тануға берген өтінішінен бас тартылғанын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар