Атырау облысында бір аптада жасөспірімдерге қатысты 427 құқықбұзушылық анықталды
АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау облысында жасөспірімдер түнімен көшеде, ойын-сауық орталығында қыдырып жүргені анықталып отыр.
Атырау облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің ақпаратына қарағанда, 28 қазаннан бері «Каникул» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілген.
«Аталған іс-шараны өткізудегі мақсат – кәмелетке толмағандар жасауы мүмкін және оларға қарсы құқық бұзушылықтардың алдын алу. Іс-шара кезінде 427 құқық бұзушылық анықталды. Оның ішінде ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 442-бабының 2-бөлігімен (Кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз түнгі уақытта тұрғын жайдан тыс болуы) 359 дерек тіркелді. Ал, 127-бабында көзделген ата-аналық міндеттерін тиісті деңгейде атқармағаны үшін 13 адамға, 132-бабының талабын сақтамай, кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде болуына жол берген 10 ата-анаға хаттама толтырылды», - деп хабарлады департаменттің баспасө зқызметі.
Сондай-ақ, алкоголь өнімін өткізу жөніндегі талапты бұзған 9, кәмелетке толмаған 2 жасөспірім жасаған бұзақылық дерегі тіркелген. Үйінен шығып, із-түзсіз жоғалған 3 жасөспірім табылып, ата-аналарына табысталған.
«Ата-аналарға жасөспірімдердің түнгі мезгілде көше шығуына тыйым салуды ескертеміз. Жасөспірімдердің беймезгіл уақытта компьютерлік ойын-сауық орындарына баруы, қоғамдық орындарда қараусыз жүруі қауіпті екенін естен шығармаған жөн», - деп мәлім етті департаменттің баспасөз қызметі.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда итті ұрып, өртеп өлтірген екі адамның бас бостандығы 6 айға шектелгенін хабарлаған болатынбыз.