Атырау облысында бір күнде көлігі батпаққа батқан 15 адам құтқарылды
АТЫРАУ. KAZINFORM — Атырау облысында бір күнде үш көлік батпаққа батып қалған. Үш көлікте 15 адам болған, оның ішінде 8 бала бар.
Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаменті қоғаммен байланыс тобының мәліметінше, кеше, 11 ақпанда Исатай ауданына қарасты қыстақтың бірінен үш көлік Тұщықұдық ауылына қарай бағыт алған.
«Алайда, үш көліктегі жолаушылар жолда батпаққа батып, жүре алмай қалған. Бұл туралы Исатай аудандық №6 өрт сөндіру бөлімінің байланыс бекетіне сағат 23:10-да шақырту түсті. Далада қалған жолаушыларды құтқару үшін өрт сөндіру бөлімі мен жергілікті атқарушы органның 5 қызметкері 2 арнайы техникамен жолға шықты. Батпаққа батқан үш автокөлік Тұщықұдық ауылынан 20 шақырым қашықтықтан табылды. Құтқарушылар 15 адамды, оның ішінде 8 баланы Тұщықұдық ауылына эвакуациялады. Құтқарылған адамдар медициналық көмекті қажет етпеді», - деп хабарлады департаменттің қоғаммен байланыс тобы.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысында Ноғайты өзенінің арнасы көтеріліп, тағы бір ауылда сай тасып жатқанын хабарлаған едік.
Кейін Мұқыр ауылында тасыған сай суы 40 үйге қауіп төндіруі мүмкін екенін жазған болатынбыз.