Атырау облысында екі көлік соқтығысып, жүргізуші мен екі жолаушы мерт болды
Атырау облысында жеңіл және жүк көлігі соқтығысты. Жол апатының салдарынан жеңіл көліктің жүргізуші мен екі жолаушысы мерт болды, деп хабарлайды Kazinform.

Атырау облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, жол-көлік оқиғасы 30 қарашада болған.
«Жергілікті уақытпен түнгі сағат 22:45 шамасында Ақтөбе-Атырау-Ресей Федерациясының шекарасы тас жолының 424-шақырымында екі көлік соқтығысты. Оның бірі – 1966 жылғы жүргізуші айдап келе жатқан ВАЗ – 2114 автокөлігі. Ал, екіншісі – Iveco жүк көлігі. Бұл көліктің рульінде 1991 жылғы азамат болған. Жол-көлік оқиғасының салдарынан жеңіл көліктің жүргізушісі мен екі жолаушысы оқиға орнында қаза тапты», -деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.
Полиция қызметкерлері жол-көлік оқиғасының себебін анықтауға кірісті. Қазір тиісті іс-құжаттары жинақталып жатыр.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда мас шетелдіктің кесірінен төрт көлік соқтығысқанын хабарлаған болатынбыз.
Атырау-Доссор бағытындағы тас жолдың «Шығыс» базары тұсында төрт автокөлік соқтығысты. Жол-көлік көлік оқиғасының салдарынан Toyota Camry және Chevrolet Lacetti маркалы автокөліктердің жолаушылары түрлі дене жарақатын алды. Зардап шеккен жолаушылар облыстық ауруханаға жеткізілді.
Полиция қызметкерлері Toyota Ipsum көлігін айдаған Өзбекстан Республикасының азаматы мас күйде болғанын анықтады. Шетелдік жүргізушінің алкогольдік ішімдік ішкені медициналық сараптама қорытындысымен дәлелденген.