Атырау облысында электр энергиясын қалпына келтіруге 40 арнайы бригада жұмылдырылды
АТЫРАУ. KAZINFORM — Атырау облысы аумағында 14 желтоқсанда ауа райының күрт бұзылуынан кей учаскелерде электр энергиясын беру уақытша тоқтады. Қазіргі уақытта апаттың 85 пайызы толықтай қалыпқа келтірілді. Бұл туралы «Атырау Жарық» ЖШС басшысы Мейірбек Губашев мәлімдеді.
— Облыс көлемінде апатты жағдайларды жою мақсатында 40 арнайы бригада күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Магистральдық және жеке тұрғын үйлерге тартылған желілерді қалпына келтіру жұмыстары параллель түрде жүргізіледі. Электрмен жабдықтау жүйесін кешке дейін толық қалпына келтіруді жоспарлаудамыз, - деді М. Губашев.
Бүгінде «Атырау Жарық» мекемесі күшейтілген режимде қызметін жалғастырып жатыр. Электр энергиясына қатысты өтінімдер мен хабарламалар 109 бірыңғай байланыс орталығы арқылы қабылданады.
Еске сала кетейік, бұған дейін Атыраудағы дүлей дауыл тұрғын үйлердің шатырын ұшырып, электр желілерін қиратқанын жазғанбыз. Сондай-ақ Атырау облысында мектеп оқушылары онлайн форматқа көшірілді.