Атырау облысында футбол клубы мен 2 ірі нысан мемлекет меншігіне қайтарылды
АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау облысында бұрын сенімгерлік басқаруға берілген футбол клубы мен 2 ірі нысанның жұмысына енді облыстық дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасы бақылау жүргізеді.

Басқарма басшысының міндетін атқарушы Нұрбол Сыдықовтың айтуынша, бұл – Мемлекет басшысының спорттық инфрақұрылымды тиімді дамыту жөніндегі тапсырмасына сәйкес қолға алынған.

– Сенімгерлік басқаруда болған дене шынықтыру-сауықтыру кешені, мұз айдыны мен «Атырау» облыстық футбол командасы» ЖШС мемлекет меншігіне қайтарылды. Бұл өзгеріс өңірдегі спорт саласының ашықтығы мен тиімділігін арттыруға, спорттық нысандардың қызмет сапасын жақсартуға жол ашады. Мемлекеттік бақылауға өткеннен кейін бұл мекемелердің материалдық-техникалық базасын жаңарту, қызмет сапасын көтеру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіледі, -деді Нұрбол Сыдықов.

Оның айтуына қарағанда, мемлекет меншігіне қайтарылған спорттық нысандарда балалар мен жасөспірімдерге арналған тегін үйірмелер мен спорт секцияларының жұмысы тұрақты түрде жалғасады. Енді сенімгерлік басқарудағы орталық жүзу бассейнін мемлекет меншігіне қайтару жұмыстары басталды.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын «Атырау» футбол клубы бюджеттен бөлінген қаржыны тиімсіз жұмсағанын жазған едік.