Атырау облысында интернет желісіне қосылмаған 19 ауыл бар
Атырау облысында 153 ауыл бар. Оның ішінде 19 елді мекен интернет желісіне әлі қосылмаған, деп хабарлайды Kazinform.

Атырау облысында байланыс операторларымен телекоммуникация желісін дамыту жоспары талқыланды. Оған облыс әкімі Серік Шәпкенов пен «Қазақтелеком» АҚ-ның басқарма төрағасы Қуанышбек Есекеев, салалық мекеменің өкілдері қатысты.
«Қазақтелеком» АҚ департаментінің директоры Ерсайын Дүйсемалиевтің айтуынша, аймақта 153 елді мекеннің 134-і интернет желісімен қамтылған. Ал, тұрғындар саны 50-ден аз 19 елді мекенді 2024-2025 жылдары интернет желісіне қосу жоспарланған.
«Биыл жоспарға сәйкес абоненттердің мыс желілерін оптикалық желіге ауыстыру жұмыстары жүріп жатыр. Бұл тұтынушылар 500 Мбит/с жылдамдықпен Интернетке, ID TV теледидары мен цифрлық сервисіне, ІР телефонияға қосылуға мүмкіндік береді. Атырау қаласында оптикалық желілердің үлесі 60%-ға, Құлсары қаласында 10-нан 37%-ға дейін ұлғаяды. 2024 жылға бөлінген қаржыға Ақжар, Талқайран, Бесікті ауылдарының абоненттерін толық оптикалық желіге ауыстыру жоспарланып отыр. Облыс орталығында 5500 абонент мыс желісінен оптикаға ауысады. Бұған салынған инвестиция қаржысы – 162 млн теңге», - деп хабарлады Ерсайын Дүйсемалиев.
Облыс әкімі Серік Шәпкенов 3G базалық стансасы қосылмаған елді мекендерді интернетпен қамту үшін компания мен әкімдік арасында бірлескен бағдарлама жасауды ұсынды. Білім беру және денсаулық сақтау мекемелерін келесі жылы 100% оптикалық желімен қамтуды тапсырды.
«Қазір цифрлық телекоммуникациялық қызметтерге сұраныс артып отыр. Елді мекендердің тұрғындардың басым бөлігі интернет желісі жылдамдығының төмендігіне, кейбірі мүлде жоқтығына шағым айтады. Біз де сапаның жақсарғанын қалаймыз. Облыста 3G базалық станса қосылмаған 19 елді мекен бар. Бұл елді мекенде абонент аз шығар. Бұл компания үшін тиімсіз болар. Сол себептен, әкімдікпен бірлескен бағдарлама дайындап, оптикалық желі жүргізейік», - деді Серік Шәпкенов.

Жиын соңында облыс әкімі Серік Шәпкенов пен «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Қуанышбек Есекеев өңірде байланыс және интернет сапасын арттыру туралы меморандумға қол қойды.
«Өңірдегі желілік инфрақұрылымды дамыту, тұрғындарды заманауи телекоммуникациялық қызметпен, сервиспен қамтамасыз ету, сондай-ақ 5G желісін дамыту жоспары талқыланды. Қазір «Қазақтелеком» компаниялар тобы бесінші буынның Атырау облысында 8 базалық стансасын орнатты. Жылдың соңына дейін тағы 8 базалық стансасын орнату жоспарланып отыр. Келесі жылы 5G базалық стансасының саны 40-қа жеткізіледі. Облыс тұрғындарын жылдамдығы жоғары интернетпен, сапалы байланыспен қамтамасыз ету үшін желілер жаңғыртылады», - деп мәлім етті Қуанышбек Есекеев.