Атырау облысында қалың қарға батқан көліктен 10 мұнайшы құтқарылды
АТЫРАУ. KAZINFORM — Атырау облысында кешеден бері ауа райының қолайсыздығы әлі сақталып отыр.

Ақтөбе-Атырау-Ресей Федерациясының шекарасы бағытындағы жолдың Қызылқоға ауданындағы бөлігінде көлік қозғалысына әлі де шектеу бар.
Қызылқоға аудандық әкімдігінің мәліметінше, кеше, 5 наурызда Қызылқоға ауданында қар құрсауынан 10 мұнайшы құтқарылған.
— Сағыз-Миялы тас жолының 25-шақырымындағы «Тұмар» кен орны маңында «ҚазМұнайГаз Бұрғылау» ЖШС-нің 10 жұмысшысы мінген «Урал» (вахтовка) автокөлігі қарға батып қалған. Оқиға орнына Қызылқоға аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің 2 қызметкері жол талғамайтын «ТРЭКОЛ» көлігімен жедел жетті. Құтқару жұмыстарының нәтижесінде жұмысшылар Сағыз ауылына эвакуацияланды, — деп хабарлады аудандық әкімдіктен.
Аудандық әкімдік ауа райының қолайсыздығына байланысты тұрғындарға алыс жолға шықпауды ескертті.
— Қажеттілік туындамаса, ауа райының қолайсыз кезінде алыс жолға жеңіл көлікпен шықпаған жөн. Ауа райының қолайсыздығын ескеріп, қауіпсіздік шараларын барынша сақтау қажет. Өзіңіз бен жақындарыңыздың амандығы маңызды екенін ескеру керек, - деп хабарлады аудандық әкімдіктен.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысында ауа райының қолайсыздығынан екі бағыттағы жол жабылғанын жазған едік.