Атырау облысында қандай қылмыстар жиі тіркеледі

АТЫРАУ. KAZINFORM — Жақында Бас прокурор Берік Асылов жасөспірімдер қылмысы көбейген облыстардың қатарында Атырауды да атаған еді. Биыл кәмелетке толмағандар тарапынан жасалған қылмыс былтырғы 3 айдағы көрсеткіштен 2,2 есе көбейген.

9 жыл бойы іздеуде жүрген қылмыскер әуежайда ұсталды
Фото: Polisia.kz

Атырау облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінен алынған мәліметке қарағанда, мұнайлы өңір жасөспірімдері өткен жылғы 3 айда 14 қылмыс жасаған. 

— Ал биылғы осы кезеңде кәмелетке толмағандар тарапынан 31 қылмыс тіркеліп отыр. Жасөспірімдердің қылмыстың 3 түрін жиі жасауға бейімдігі анықталды. Бұл — ұрлық, бұзақылық және тонау, — деп мәлім етті баспасөз қызметі. 

Соңғы бір жылда Атырау облысында интернет-алаяқтық қылмысы көбейген. Полиция қызметкерлері мұның себебін үш жайтпен байланыстырады. 

Біріншіден, тұрғындар қаржылық сауатын арттыруға мән бермейді. Екіншіден, цифрлық сауаттың төмендігі де алаяқтарға тиімді болып отыр. Үшіншіден, мұнайлы өңірдегі табыс деңгейінің жоғары болғаны алаяқтардың қызығушылығын тудырады. 

— Қазір интернет-алаяқтықпен күресу үшін алдын алу іс-шаралары ұдайы жүргізіледі. Мәселен, Атырау облыстық полиция департаменті мен 109 call-орталығы арасында бірлескен іс-шаралар туралы меморандум жасалды. Барлық екінші деңгейдегі банкке ішкі істер органымен алаяқтық транзакциялар туралы ақпарат алмасуға мүмкіндік беретін «Антифрод-орталық» онлайн платформасы іске қосылды. Бұл платформамен интернет-алаяқтар жасаған қылмыстар, жәбірленушілерден аударылған қаржының кімнің есепшотына түскені тез анықталады. Қаржыны алушының есепшотын бұғаттау үшін «Антифрод-орталық» платформасында ұсыныстар жолданды. Мұндай іс-шаралар интернет-алаяқтардың заңсыз әрекетін жедел әшкерелеуге, жәбірленушінің қаржысын қайтаруға мүмкіндік береді, — деп ақпарат берді баспасөз қызметінен.

Осындай алдын алу іс-шараларына қарамастан алаяқтық жиі қайталанатын қылмыстың біріне айналып отыр. Әсіресе, интернет-алаяқтық қылмыс оқтын-оқтын қайталанады. Сондай-ақ, ұрлық та жиі жасалады. 

Дегенмен, былтырға қарағанда ауыр қылмыстардың қатары 11,2 пайызға азайған. 

— Мәселен, 2024 жылы 536 қылмыс тіркелген. Биыл жыл басынан бері тіркелген 476 қылмыстың 339-ы ашылды. Ал қалған қылмыстық істер бойынша кешенді-тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Осыған байланысты тиісті сараптамалар тағайындалып, процессуалдық шешім қабылдау үшін тергеу жалғасады, — деп нақтылады баспасөз қызметі. 

Ішкі істер министрлігі адам өлтіру қылмысын жедел ашу міндетін жүктеп отыр. Сондай-ақ ауыр қылмыстардың алдын-алуға басымдық берілген. 

— Қазір облыста қабылданған іс-шаралардың нәтижесінде қылмыстың төмендегені байқалады. Мәселен, денсаулыққа ауыр зиян келтіру (54,8%), зорлау (70%), бұзақылық (8,9%), ұрлық (13,5%), ұялы телефон ұрлығы (28,3%), мал ұрлығы (60%), алаяқтық (25%), тонау (41,4%), қарақшылық (50%) қылмысы азайды, — дейді баспасөз қызметінен. 

Алайда, полиция қызметкерлері іздеу салғанымен, әлі ұсталмаған күдіктілер бар. Іздеуде жүргендердің саны — 33. 

Жыл басынан бергі 4 ай 20 күнде іздеу жарияланған 59 күдіктінің 26-сы ұсталды. Күдіктілердің басым бөлігі алаяқтық және ұрлық қылмысын жасағаны үшін іздестіріліп жатыр.

Жұртшылықты алаңдатып отырған жайттың бірі — есірткі қылмысы. Атырау облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Құттыбай Садықовтың мәліметіне сүйенсек, биылғы 5 айда есірткімен байланысты 59 құқық бұзушылық, оның ішінде 32 қылмыс тіркелген. 

— Заңсыз айналымнан жалпы салмағы 29 келіден астам есірткі, аса ауыр санатқа жататын 3 келіге жуық синтетикалық есірткі заты тәркіленді. Жүргізілген жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде заңсыз 2 фитозертхана, есірткі тасымалдаудың 3 арнасы жойылды. Өзге де заң бұзушылықтарды анықтау үшін жүргізілген жұмыстың нәтижесінде автокөлікті есірткілік мас күйде жүргізген 17 адам жауапқа тартылды. Облыс аумағында есірткі тасымалдаумен айналысқан 14 күдікті ұсталды. Оның ішінде 6 күдіктінің өзге өңірлерден келгені, ал 2 күдіктінің колледж студенттері екені анықталды, — дейді Құттыбай Садықов. 

Оның дерегіне қарағанда, полицейлер еріктілермен бірге есірткі сайттарын жарнамалайтын 60-қа жуық граффити жазбасын жойған.

Интернет желісіне мониторинг жүргізіліп, есірткі жарнамалаған 332 сайт анықталған.

«Антифрод» ақпараттық жүйесімен күдік тудырған 673 есепшот анықталып, ондағы 30 млн теңге жуық қаржы бұғатталған. 

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау облысындағы атыстан 3 адам жарақат алып, ауруханаға жеткізілгенін жазған едік. 

Кейін Атырау облысының Мұқыр ауылында бір жігітті топ болып ұрғандар қамауға алынғаны хабарланған. 

Соңғы жаңалықтар