Атырау облысында қаңтардан бері алаяқтық қылмысының 90-ға жуық дерегі тіркелді
АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау облысында биылғы қаңтардан бері алаяқтық қылмысына байланысты 90-ға жуық дерек тіркелді. Алаяқтарға 10 зейнеткер алданған.
Атырау облыстық полиция департаменті кибер қылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі Садуақас Жанғалиевтың мәліметінше, былтыр 1 мыңға жуық алаяқтық дерегі анықталған.
– Атырау облысында жыл басынан бері интернеттегі алаяқтыққа қатысты 90-ға жуық дерек тіркеліп отыр. Алаяқтарға алданғандар қатарында 10 зейнеткер бар. Ал алаяқтықпен байланысты 37 дерекке қатысы бар үш күдіктіге қылмыстық іс қозғалды. Қазір тергеу амалдары жүргізіліп жатыр, - деп хабарла Садуақас Жанғалиев.
Оның айтуына қарағанда, полицейлер «Қазпошта» АҚ-ның Атырау қаласындағы 20-ға бөлімшесінде қызметті пайдаланушыларға жаднамалар таратқан. Шынайы пошталық хабарламалар мен жалған SMS-терді ажырату жолы түсіндірілген.
– Әсіресе зейнеткерлер пошта қызметін жиі пайдаланады. Соңғы кезде пошта қызметкерінің атын жамылып, алаяқтық әрекетін іске асыратындар көбейді. Алаяқтар тұрғындарға сәлемдеме келгені туралы қоңырау шалады. «Сізге сәлемдеме келіп тұр» деген жалған ақпарат жібереді. Тұрғындардан төрт санды SMS кодын сұрап, кейін оның атына ірі көлемде онлайн несие рәсімдейді, - деп мәлім етті Садуақас Жанғалиев.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау соты уәдесінде тұрмаған тұрғынға 2,9 млн теңгені төлеуді міндеттегенін жазған болатынбыз.