Атырау облысында қаңтардан бері жол апатынан 10 адам қаза тапты
АТЫРАУ. KAZINFORM — Атырау облысында жыл басынан бері 31 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Жол апатынан 10 адам мерт болып, 30 адам түрлі жарақат алған.

Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Ерлан Биғамбаевтың айтуынша, адам өліміне соқтырған жол апаты республикалық маңыздағы жолда тіркелген.
«Кейінгі үш күнде ауа райының қолайсыздығынан республикалық және облыстық маңыздағы жолда көлік қозғалысына 9 рет шектеу қойылды. Жолды жабудағы мақсат — жүргізушілер мен жолаушылардың қауіпсіздігін сақтау. Осы күндері облыс аумағында 2 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Мәселен, «Доссор-Құлсары» бағытындағы жолда жеңіл және жүк автокөліктері соқтығысып, 1 адам қаза тапты. Ал, 2 адам жарақат алды. Атырау қаласында көлік қаққан 1 жаяу жүргінші жарақаттанды», -деп хабарлады Ерлан Биғамбаев.
Оның айтуынша, 1 ақпаннан бері «Кибер-Шериф» құрылғысы бар арнайы көліктер патрульдік кезекшілікке шықты. Аталған құрылғымен 11 күнде 2400-ден аса құқық бұзушылық тіркелген.
«Бұл — өте жоғары көрсеткіш. Осы деректен көлік жүргізушілерінің әлі де жол жүрісі ережесін сақтамайтыны, жолаушы өміріне жауапкершілікпен қарамайтыны аңғарылып отыр. Осыған орай жүргізушілерге жол жүрісі ережелерін қатаң сақтауды ескертемін», -деп мәлім етті Ерлан Биғамбаев.
Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда 101 жол-көлік оқиғасынан 16 жасөспірім мерт болғанын жазған едік.