Атырау облысында қазан айында тұмау мен ЖРВИ жұқтыру дерегі көбейді

Атырау облысында 1 қазаннан бері 7 754 адам тұмау және жедел респираторлық-вирустық инфекциясын жұқтырған. Қазір инфекциялық стационарда 63 бала, 17 жүкті әйел мен 3 ересек адам ем қабылдап жатыр, деп хабарлайды Kazinform агенттігі. 

Атырау облысында қазан айында тұмау мен ЖРВИ жұқтыру дерегі көбейді
Фото: Kazinform агенттігі

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қайсар Абдалиевтың айтуынша, қазан айы басталғаннан бері тұмау және жедел респираторлық-вирустық инфекцияны жұқтыру дерегі көбейген.

«Атырау облысында 7754 адам тұмау және жедел респираторлық-вирустық инфекциясын жұқтырды. Оның ішінде ЖРВИ-мен 6998, тұмаумен 9, бронхит диагнозымен 746 адам тіркелді. Тұмауға қарсы «Гриппол +» вакцинасының 65 мың дозасы сатып алынды. Қазір жедел-жәрдем қызметінің 50 бригадасы, 26 бригада қала бойынша, ал 24 бригада аудан бойынша қызмет көрсетеді. Денсаулық сақтау министрлігінің ұсынысына орай мобильді топтар қайта жандандырылып, сүзгі кабинеттерінің жұмысы күшейтілді. Балаларға, жүкті әйелдерге үйден қарау, микроаймақтар бойынша үй аралау, үйдегі стационарларды ұйымдастыру, көмек көрсетудің барлық кезеңінде науқастардың жағдайын бағалау көмегі ұйымдастырылды. Балаларға сапалы көмек көрсету мақсатында педиатриялық мультидисциплинарлы мамандар тобы құрылды», - деді Қайсар Абдалиев.

Оның мәліметінше, вирусты жұқтыру балалар арасында байқалып отыр. Мәселен, 5135 бала ЖРВИ жұқтырған. Осы вирус 621 жүкті әйелден анықталған. Сондай-ақ 478 бала бронхит диагнозымен тіркелген.

«Қазір инфекциялық стационардың ЖРВИ бөлімшесінде 63 бала ем қабылдап жатыр. Олардың арасында 1 жасқа дейінгі 29, сондай-ақ, 1-14 жастағы 34 бала бар. Бұларға қоса 17 жүкті әйел мен 3 ересек науқас емделуге жатқызылды», - деп мәлім етті Қайсар Абдалиев.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысында жыл басынан бері 2 300-ге жуық адамнан жүрек ауруы анықталғанын жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар