Атырау облысында құм көшкінінен қандай ауылдарға қауіп бар
АТЫРАУ. KAZINFORM — Атырау облысында тұрғындардың жайлы тұрмысына кедергі келтіретін мәселенің бірі — елді мекендерді құм басу қаупінің артуы. Құм көшкіні мәселесі Исатай, Құрманғазы, Қызылқоға және Жылыой ауданының ауылдарында ерекше өзекті.

Бұл деректі Атырау облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы растады. Басқарманың ұсынған ақпаратына қарағанда, елді мекендерді құм көшкінен қорғау ісі 2019 жылдан бері тұрақты жүргізіліп келеді.
— Мәселен, 2019-2025 жылдары аралығында Жылыой, Қызылқоға, Исатай және Құрманғазы ауданының елді мекендерінде 76,5 гектар аумақта құм тоқтату жұмысы жүргізілді. Жоба бойынша сексеуіл көшетінің шығымы — 40 пайыз, — деген ақпарат ұсынды басқармадан.
Дерекке жүгінсек, 2019 жылы Қызылқоға ауданындағы Тайсойған ауылында құм көшкінін тоқтату жұмысы 3,2 гектарға жүргізілген.
Ал 2020-2021 жылдары Жылыой ауданының Майкөмген елді мекенінде 6 гектар, 2021-2022 жылдары аталған аудандағы Кобяков-Забурын каналының бойындағы 7,9 гектар участокте құм көшкініне қарсы жұмыс атқарылған.
Құм көшкіні қаупі бар елді мекеннің бірі — Үштаған. Атырау облысының Ресей Федерациясымен шекарадағы Құрманғазы ауданында орналасқан елді мекенде түтін саны көп емес.
Биыл ауылдың іргесі қаланғанына 110 жыл толған. Мұнда 140-тан астам отбасы тұрады. Бәрінің негізгі табыс көзі — төрт түлік.

Бұл елді мекендегі тұрғын үйлерді қоршаған құмның ұзындығы шамамен 5, ені 2 шақырымға созылған. Құм көшкіні тоқтаусыз жылжып, кейбір үйлердің тұсында тау секілді үйіліп жатыр. Бұл елді мекеннің шетінде тұратын Ережеповтердің отбасы үшін қауіпке айналып болып отыр.
— Ауыл — қазақтың алтын бесігі. Мал өсіруге шүйгін жайылымы бар. Жер астынан тұщы су шығады. Газ желісі тартылды. Бір баламыз мал өсіреді. Бізді алаңдататын екі жайт бар. Бірі — құмнан төнетін қауіп, екіншісі — аудан орталығына қатынайтын жолдың жайы, — дейді ауыл тұрғындарының бірі Балғаным Қапанқызы.
Атырау облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының мәліметінше, 2021 жылы аталған ауылдың аумағындағы 33,8 гектар жерге құм көшкінін тоқтату жұмысын жүргізу мәселесі зерделенген.
Ал, 2022-2023 жылдары елді мекен маңындағы 10 гектарға сексеуіл егілген.
Мұндай жұмыс былтыр Исатай ауданындағы Нарын ауылында қолға алынған. Биыл елді мекенге қауіп төндірген құм көшкінін тежеу үшін 8 гектарға сексеуіл көшетін отырғызу жалғасып жатыр.
Сондай-ақ, былтырдан бері Қызылқоға ауданында бірнеше ауыл маңында құм көшкініне қарсы сексеуіл егу басталған. Бұл аудандағы Сағыз, Бүйрек, Қаракөл, Жасқайрат және Қарабау ауылын құм басу қаупі бар.
Сол себептен аталған ауылдарда 32,4 гектарға, атап айтқанда, Сағыз елді мекенінде 11,5, Бүйректе — 0,5, Қаракөл — 14, Жасқайратта — 0,45, Қарабау ауылының тұсында 6 гектар участокке жұмыс атқарылған.

Мәселен, Қызылқоға ауылдық округінің әкімі Зейнолла Шәліковтің дерегіне сүйенсек, Қарабау ауылындағы құм көшкініне қарсы жұмыс мердігер — «Еділ-Строй Сервис» ЖШС-ға жүктелген. Жобаның құны — 647 млн 981 мың 499 теңге.
Қарабау — аудандағы шежірелі тарихы қатталған ауылдың бірі. Өткен ғасырдың 1952-1959 жылдары Қызылқоға ауданының орталығы болған.
Ауданның қазіргі орталығы — Миялы ауылынан 80 шақырымдай қашықта орналасқан. Бұл округтің 1 мыңнан астам тұрғыны бар.
Ал, Исатай ауданындағы Исатай ауылында құм көшкіні басталғалы 10 жылдан асқан. Қазір 300-ге жуық тұрғын мекен ететін бұл ауылда да құм көшкінін тоқтату 2019 жылы басталған. Сол жылы егілген сексеуіл 2 метрге дейін өскен.
Ал, 2021-2022 жылдары Исатай ауданының Исатай ауылында 9 гектарға өкпек желмен сусыған құм көшкінін ұстайтын сексеуіл егілген.
Осы ауылда тұратын Исабай Ғинуллиннің айтуынша, егілген сексеуілдің түбі ашылып қалады.
— Егілген сексеуіл көшеті тамыр жаюы қажет. Бірақ қараусыз қалып жатыр. Сол себептен тамыр жайып үлгермейді. Алдағы уақытта осы жайтқа назар аударылса дейміз, — дейді Исабай Ғинуллин.
Аталған ауылды құм көшкінінен қорғау жобасының құны — 600 млн теңге. Қазір оның 340 млн теңгесі игерілген.

Жылыой ауданындағы Майкөмген ауылының тұрғындары да жыл сайын құм басу қаупін сезінеді.
Ауылдық округ әкімі Нұржарық Сауытовтың айтуынша, тұрғындар 2022 жылдан бері көшеден құм шығару мәселесін көтерген.
— Былтыр ауылды құмнан тазарту жұмысын қолға алдық. Тұрғындардың өтінішімен үйлердің аумағынан 5,5 мың тонна құм шығарылды. Оған 8 жұмысшы мен 6 техника тартылды. Техникаға құм тиеліп, 550 рейс жасалды, — деді Нұржарық Сауытов.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын экологиясы нашар Атырау облысындағы жасыл желек егу мәселесін көтерген болатынбыз.