Атырау облысында мал қағу қаупі жоғары учаскелер белгілі болды
АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау облысында жыл басынан бері малдың жолға шығуы салдарынан 14 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Бұл апаттардан 4 адам қаза тауып, 22 адам жарақат алды. Осыған байланысты полиция жүргізушілер үшін қауіпті тасжол учаскелерін атады.
Полиция департаментінің мәліметінше, малдың автожолға шығып кету қаупі Құрманғазы, Исатай, Мақат аудандары мен Сағыз, Доссор елдімекендерінің маңында жоғары.
Әсіресе Атырау–Астрахань тасжолының жеті учаскесінде жүргізушілерге сақ болу қажет.
Олар:
* 635-шақырым – Байшақа ауылы;
* 673-шақырым – Х. Ерғалиев ауылы;
* 710-шақырым – Жанаталап ауылы;
* 775-шақырым – Зинеден ауылы;
* 797-шақырым – Құрманғазы ауданының шекарасы;
* 820-шақырым – №8 бекет тұсы;
* 879-шақырым – Күйген ауылы.
Жол-көлік оқиғаларының алдын алу үшін полиция департаменті демеушілермен бірлесіп, үй жануарларына жарық шағылыстыратын ленталар тағу жұмысын қолға алған.
- Қауіпті учаскелерге 72 жарық беретін ескерту белгісі орнатылды. Оның 50-і облыстық, 22-сі республикалық маңызы бар жолдарға қойылды.Шаруа қожалықтарының өкілдерімен, жергілікті әкімдіктермен және ауылдық округтермен бірлесіп, мал иелеріне түсіндіру жұмысы жүргізіліп жатыр. Оларға төрт түлікті қараусыз қалдырмау және оның автожолға шығып кетуіне жол бермеу қажеттігі ескертіледі, - деп хабарлады ПД.
Департамент мәліметіне сүйенсек, тасжол бойындағы асханаларға, мейрамханаларға және басқа да нысандарға арнайы QR-кодтар орналастырылды. Оны сканерлеген жүргізушілер қауіпті учаскелер мен сақтық шаралары туралы ақпарат ала алады.
Полиция қызметкерлері елдімекендер мен мал жайылатын аумақтарға жақындағанда жылдамдықты төмендетіп, жол жиегін мұқият бақылауға шақырды.
Бұған дейін ШҚО-да биыл 20-дан астам көлік малға соғылып, 32 адам жарақат алғанын жазған едік.