Атырау облысында Миялы ауылын тасқын судан қорғау жалғасып жатыр
АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау облысының Қызылқоға ауданындағы Миялы ауылына төнген тасқын судың қаупі әлі толық сейілген жоқ.

Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қоғаммен байланыс тобынан мәлім еткендей, Ойыл өзеніндегі су деңгейі үш күнде 4 метр 80 см-ге жеткен. Ал, бүгін 98 см-ге төмендеді. Бұған Ақтөбе өңіріндегі күннің жылынуы мен жауын-шашын әсер еткен.
Ал, Қызылқоға ауданы әкімдігінің мәліметінше, кеше, 31 наурызда Ойыл өзені арнасынан асқан. Сол себептен, ауданда төтенше жағдай жарияланып, Миялы ауылының тұрғындарын ішнара эвакуациялау басталған.
Ойыл өзеніндегі судың арнасынан асуына байланысты округтерге қайықпен қатынау тоқтатылған. «Миялы-Сағыз» бағытындағы жолды су басып, көлік қатынасына шектеу қойылған.
«Миялы ауылының іргесіндегі бөгетті көтеру, бекіту, қапшыққа құм толтыру жұмыстарына мекемелерден 275, полиция бөлімінен 48, төтенше жағдайлар бөлімінен 35 қызметкер, 3 мыңнан астам ерікті жұмылдырылды», - деп хабарлады аудандық әкімдіктен.
Облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы арқылы «Нұркапитал» ЖШМ- дан 1 бульдозер, «Сұңқар Құрылыс ЛТД» және «Темірстройсервис» ЖШС-дан 2 жүк тиегіш, 2 экскаватор, «Нұркапстройгаз» ЖШС-дан 1 жүк тиегіш техника көмекке келген.
Жергілікті 15 кәсіпкер ауылды тасқын судан қорғау үшін 1 500 адамдық ыстық тағам мен сусын дайындаған.
«Тасқын судың қаупі төнгенде ауылдың үлкені мен жасы қолға күрек алып, мекенімізді қорғау үшін көз ілмеді. Біз оларды және барлық техникамен көмектескен «АИС» ЖШС-нің жұмысшыларын ыстық тағаммен қамтуды ұйғардық. Кәсіпкерлер үш күннен бері өздерінің сауда орындарының жұмысын тоқтатып, тағам дайындап жүр», - дейді жергілікті кәсіпкерлер палатасының басшысы Алтынзер Баймұратова.
Ыстық және өзге де тағамдар «Бақыт» мейрамханасында әзірленген. Мұнда үздіксіз жұмыс істеп жүргендердің арасында Гүлзира Елеуғалиқызы да бар.
«Халқымыздың бірлігі мен берекесі осындай сәтте көрінеді. Ер азаматтар күні-түні ауылды судан қорғау үшін ауызбіршілік танытты. Мен де өзімнің киім сататын дүкенімнің есігін кілттеп, осы жерде жүрмін. Тек табиғи апаттан аман шықсақ екен», - дейді Гүлзира Елеуғалиқызы.
Миялы ауылының Бәйсеу бөлігінде тұратын Серік Ожаевтың отбасы мүшелері бөгет тұрғызып, қапшыққа құм толтырып жатқандарды тамақтандырған.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысындағы бір ауданда төтенше жағдай жарияланғанын жазған болатынбыз.
Кейін Ойыл өзеніндегі су тасқынына байланысты Миялы ауылынан 559 тұрғын эвакуацияланды.
Сондай-ақ, Миялы ауылына тірелген судың деңгейі 1 метр 20 см құрады.
Ойыл өзенінің маңынан 7 шаруа қожалығы қауіпсіз аумаққа көшірілді.