Атырау облысында мүмкіндігі шектеулі 273 адам тұрақты жұмысқа орналасты
Атырау облысында жыл басынан бері жұмыспен қамту орталықтарына мүмкіндігі шектелген, бірақ, жұмыс істеуге қабілетті 1 182 адам жүгінген, деп хабарлайды Kazinform.

Атырау облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының баспасөз қызметінен мәлім еткендей, биыл мүмкіндігі шектеулі 1 019 адамға әлеуметтік қолдау көрсетілген.
«Басқармаға жүгінген мүмкіндігі шектеулі жандардың арасынан 273 адам тұрақты жұмысқа орналасты. Оның 77-сі квотамен қамтылды. Ал, ақылы қоғамдық жұмысқа 328 адам тартылды. Әлеуметтік жұмыс орнына 17 адам, жастар тәжірибесіне 35 түлек жіберілді. «Алғашқы жұмыс орны» жобасына 7, «Күміс жас» жобасы шеңберінде жасы 50-ден асқан 18 адам жұмысқа орналастырылды. «Бастау-Бизнес» жобасымен кәсіпкерлік негіздері курсынан мүгедектігі бар 289 адам өтті», -деп хабарлады басқарманың баспасөз қызметі.
Сондай-ақ, «Теңізшевройл» компаниясының оқу курсына 4, арнайы жұмыс орнына 7 адам жіберілген. Ал, 41 адамға 400 айлық есептік көрсеткіш көлемінде мемлекеттік грант берілген. Мүмкіндігі шектелген 7 адамның жұмыс орны арнайы құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген.
Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау облысында 10 мыңнан астам жұмыссыз жұмысқа орналасқанын хабарлаған едік.