Атырау облысында өрттің 60 пайызы тұрғын үй секторында болған
Атырау облысында жыл басынан бері 212 өрт тіркелген. Өрттің 60 пайызы тұрғын үй секторында болған, деп хабарлайды Kazinform.

Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары, азаматтық қорғау полковнигі Жасұлан Ақтаевтың мәліметінше, облыс орталығы мен 7 ауданда өрт оқиғасы тіркеліп отыр.
«Биыл облыс аумағында 212 өрт оқиғасы тіркелді. Өрттің басым бөлігі – 120 дерек Атырау қаласында анықталды. Ал Жылыой ауданында 22, Махамбетте – 17, Құрманғазыда – 14, Мақатта – 12, Индер мен Қызылқоғада – 11, Исатай ауданында 5 өрт болды. Алайда былтырғы көрсеткіштен 12%-ға төмендеді», - деді Жасұлан Ақтаев.
Оның айтуынша, жалынның тұтануына бірнеше себеп әсер еткен. Біріншіден, электр аспаптарын монтаждау және техникалық пайдалану ережесі бұзылған. Екіншіден, отты жағу кезіндегі абайсыздықтың соңы өртке ұласқан. Үшіншіден, пештерді пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі ережелері дұрыс сақталмайды. Төртіншіден, кәмелетке толмаған балалардың сіріңке секілді жанғыш заттарды пайдалануынан туындап отыр.
«Тіркелген өрт оқиғасының 117 дерегі (60%) тұрғын үй секторында болғаны анықталды. Тұрғын үйдегі өрттің көбеюі Құрманғазы, Мақат және Исатай ауданында байқалды», - деп мәлім етті Жасұлан Ақтаев.
Төтенше жағдайлар депаратментінің қызметкерлері тұрғындарға өрт қауіпсіздігі ережелерінің сақталуын түсіндіріп, тұрғын үйлер мен жатақхана, хостелдерді тексерді. Қазір облыста 23 жатақхана мен 47 хостел тіркелген.
Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда жеке тұрғын үй өртеніп, 81 жастағы қарияны күйік шалғанын жазған болатынбыз.