Атырау облысында референдум күні мүгедектер үшін 90 инватакси бөлінеді
АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау облысында референдум күні 54 елді мекендегі мүмкіндігі шектеулі жандарға 90 инватакси қызмет көрсетеді.

Атырау облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Азамат Айманакумовтың мәліметінше, республикалық референдумда 274 референдум учаскесі жұмыс істейді.
«Референдум учаскелеріне дауыс беруге 4500-ден астам мүмкіндігі шектеулі жан келеді. Олар үшін учаскелерде мониторлы компьютерге бейімделген форматта ақпараттар, құлақаспаптар, брайль қарпінде орындалған сайлау туралы ақпарат, қосымша жарықтандыру және ұлғайтқыштар қойылады. Атырау облысында референдум өтетін күні 54 елді мекенге 90 инватакси бөлінеді. Бұл күні 17 сурдоаудармашының қызметін пайдалану жоспарланып отыр», - дейді Азамат Айманакумов.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысында референдумға қатысуға құқығы бар 391 937 азамат тіркелгенін хабарлаған болатынбыз.