Атырау облысында референдумда дауыс беретін тұрғындар саны көбейді
АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау облысында референдумда дауыс беретін құқығы бар тұрғындар саны көбейді. Бір ай бұрын 391 937 азамат тіркелген еді. Қазір 411 мың 880 адамға жетті.

Атырау облыстық аумақтық референдум комиссиясының мәліметіне сүйенсек, 6 қазанда 9 аумақтық референдум комиссиясы жұмыс істейді. Бұл комиссияларда 63 мүше бар.
«Атырау облысында 274 референдум учаскесі құрылды. Оның ішінде 11 учаске азаматтардың уақытша болу орындарында жұмыс істейді. Емдеу мекемелерінде 9, тергеу изоляторы мен әскери бөлімше бір-бірден осындай учаске болады. Республикалық референдумға қатысуға құқығы бар 411 мың 880 азамат тіркелді. Біркелкі нысанда азаматтарға хабарландыру беріліп, олардың мекенжайларына таратылды. Дауыс беру орны мен уақыты туралы ақпараттар, азаматтардың өз учаскелерін іздеу жөніндегі қызметтер комиссиялардың atyrau.gov.kz интернет-бетшесінде орналастырылды. Азаматтар өздерінің ЖСН енгізіп, Telegrambot @sailauAtyrauBot қосымшасынан қай учаскеде дауыс беретінін біле алады», - деп хабарлады облыстық аумақтық референдум комиссиясынан.
Референдум өткізуді ұйымдастыру кезеңінде барлық учаске материалдық-техникалық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Ал, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың дауыс беруіне қолайлы жағдай жасау қосымша шаралар қабылданған.
«Барлық учаске тактильдік белгілер, көз жанарында ақауы бар азаматтарға аудионұсқаны тыңдағаннан кейін өзі бюллетеньді толтыру үшін трафареттермен қамтамасыз етілген. Атырау қаласы мен аудандарда 94 инватакси қызметі ұйымдастырылады. Әлеуметтік қорғау органдары арқылы 15 сурдоаудармашыларды тарту көзделді. Вахталық әдіспен жұмыс істейтін азаматтардың дауыс беруін ұйымдастыру шаралары қабылданды. Бұл жұмыстарға 38 учаскелік комиссия тартылды. Азаматтарды тіркеу орны бойынша мәліметтерін тексеру және референдум учаскелерінің мекенжайы бойынша азаматтарды тіркеу бағытында екі онлайн-сервис әзірленді. Тізімнен өздерін таба алмаған, бірақ референдум учаскесінің шекарасында тұратын азаматтар дауыс беру күні тіркеу мекенжайын өзі тексеретін учаскелік комиссияға жүгінуге мүмкіндігі болады. Тұрғылықты жері расталған жағдайда азамат тізімге енгізіледі. Мұндай қызметтер барлығы 181 учаскеде қолжетімді болады», - деп мәлім етті облыстық аумақтық референдум комиссиясынан.
Ал, тіркеуі жоқ және осы себептен ешбір учаскеде тізімге енбеген азаматтардың дауыс беру күні референдум учаскесінде тіркеліп, дауыс беруге мүмкіндік жасалып отыр. Атырау қаласында осындай 5 учаске бар.
«Комиссия мүшелеріне арналған оқытуға семинарларға 2037 референдум комиссиясының мүшелері қатысты. Республикалық референдумды байқау үшін 7 ұйым аккредиттелді. Олардың тізімі комиссияның интернет-ресурсында орналастырылды. Атырау қаласындағы №5546 әскери бөліміндегі №75 референдум учаскесінде дауыс беру сағат 06:00-де басталады», - деді облыстық аумақтық референдум комиссиясынан.
Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау облысында референдумға қатысуға құқығы бар 391 937 азамат тіркелгенін жазған едік.